21 қаз, 2021 сағат 19:41

«Ұлттық рухани жаңғыру» жобасы: Мемлекеттік тілді дамытуға қандай жағдай жасалады?


Елімізде қабылданған «Ұлттық рухани жаңғыру» ұлттық жобасының құрамында тіл саясатын іске асыруды көздейтін арнаулы бағыты бар.

1 міндет, 4 көрсеткіштен және 15 іс-шарадан тұратын бұл бағыттың негізгі міндеті мемлекеттік тілді дамыту үшін жағдай жасау. Ал оны орындау үшін нақты іс-шаралар көзделген. Бөлінетін қаражат та қомақты. Нақты айтар болсақ, 2022-2025 жылдарға арналған қаржыландырудың жалпы көлемі шамамен 7,1 млрд теңгені құрайды. Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде ұйымдастырылған баспасөз мәслихатына қатысқан ҚР Білім және ғылым министрлігі Тіл саясаты комитетінің төрағасы Әділбек Қабаев мемлекеттік тілді дамыту бағытында атқарылатын іс-шараларға егжей-тегжейлі тоқталды, деп хабарлады "ҚазАқпарат" ХАА.

«Біріншіден, жалпы орта білім беру деңгейіндегі «Қазақ тілі», «Қазақ әдебиеті» және қазақ тілінен басқа тілде оқытатын сыныптарға арналған «Қазақ тілі және қазақ әдебиеті» пәндерінің оқу бағдарламаларына тиісті өзгерістер енгізілетін болады. Нәтижесінде қазақ тілін оқыту әдістемесі жетілдіріледі. Қазақ тілі мұғалімдерін даярлау және олардың біліктілігін арттыру, қазақ тілінде оқулықтар әзірлеу жүргізіледі. Қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде дебаттық турнирлер өткізіледі. Мемлекеттік тілде ІТ-өнімдерді әзірлеу, енгізу және шығару қолға алынады. YouTube видеохостингінде қазақ тіліндегі танымал анимациялық фильмдерді дубляждау және орналастыру жұмыстары жүргізіледі», - деді комитет төрағасы. 

Оның атап өтуінше, «Қазақ тілі», «Қазақ әдебиеті» пәндерінің оқыту әдістемелері, оқытудың озық технологиялары зерделеніп, тиімділігі анықталып, оқу процесіне енгізіледі. «Қазақ әдебиеті» пәнінен әдеби білім мазмұнын беруде логикалық бірізділік, жүйелілік, сабақтастық сақтала отырып, білім алушылардың бойына ұлттық-рухани, адамгершілік, мәдени-эстетикалық құндылықтарды дарытуға баса назар аударылады. Осы уақытқа дейін «Қазақ әдебиеті» пәні мазмұнында «Әлем әдебиеті» үлгілері қоса оқытылып келсе, енді «Әлем әдебиеті» жеке оқытылады. «Қазақ әдебиеті» мазмұны тек төл шығармаларды қамтиды. «Қазақ әдебиеті» пәні мазмұнында әдебиет тарихы кезеңін сақтай отырып, шығармалардың жанры жүйеленеді. Қазақ тілі функционалдық-коммуникативтік тұрғыдан және грамматиканы оқытуға негізделеді. «Қазақ тілі» пәнінің мазмұны тілдік білімді бағалаудың халықаралық, Еуропалық стандарттарына негізделіп, тіл үйрету жүйесі бағыт-бағдарға алынады. «Орта мектепте қазақ тілін оқыту» нәтижесі Ұлттық тест жүйесі арқылы анықталады. 

Қазіргі уақытта іріктеу арқылы отандық оқулық әзірлеуші авторлардың пулы қалыптасуда. Содан кейін оқулықтар мен оқу құралдары авторларының біліктілігін арттыру курстары ұйымдастырылады. Оқу-әдістемелік бірлестіктермен бірлесіп, арнайы пәндер бойынша қажетті оқулықтардың тізбесі айқындалады. Әзірленетін оқулықтардың сапасын қамтамасыз ету үшін бейіндер бойынша оқу-әдістемелік бірлестіктерді, жұмыс берушілер қауымдастықтарын (кәсіпорындарды), сондай-ақ жоғары оқу орындарын тарта отырып сараптама жүргізу жоспарланған. Әзірленген оқулықтардың мазмұны мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарына, оқу бағдарламаларына және қазіргі заманғы оқулыққа қойылатын басқа да талаптарға сәйкес келетін болады.

«Екіншіден, қазақ тіліндегі оқулықтармен техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары, жоғары оқу орындары қамтамасыз етіледі. Бүгінгі күні колледж студенттерінің 60 пайызы мемлекеттік тілде оқитынына қарамастан, қазақ тіліндегі оқулықтар мен әдебиеттердің үлесі 30 пайызды құрайды. Педагогтар мен студенттер колледждерде бар оқулықтар мен әдебиеттерді қазақ тіліне өз бетінше аударып, оқу процесінде қолдануға мәжбүр болуда. Осыған байланысты «Ұлттық рухани жаңғыру» ұлттық жобасын іске асыру аясында 2025 жылға дейін қазақ тілінде колледждерге арналған 700-ден астам, жыл сайын 180 оқулық әзірлеу жоспарлануда», - деді ол.

Комитет төрағасы жоғары оқу орындарында, әсіресе, инженерия, әлеуметтік ғылымдар, бизнес және басқару салалары бойынша қазақ тілінде оқулықтардын жетіспеушілігі байқалатынын ашық айтты. Осыған байланысты, жоғары оқу орындарының кітапхана қорын қазақ тіліндегі кітаптармен толықтыру және студенттер үшін әзірленген оқу әдебиеттерінің қолжетімділігін қамтамасыз ету жоспарланған. Жоғары оқу орындарына арналған қазақ тіліндегі жылына 20, төрт жылда 80 оқулықтың түрі әзірленеді.

Жалпы, колледждерді заманауи оқу әдебиетімен қамтамасыз ету үшін Білім және ғылым министрлігі техникалық және кәсіптік білім беру жүйесіне қажетті түрлі салалар бойынша, оның ішінде мемлекеттік тілдегі 600-ден астам негізгі шетелдік оқулықтарды аударды. Сондай-ақ, авторлар -әзірлеушілер педагогтар мен студенттерді қолдау үшін арнайы пәндер бойынша (оның ішінде мемлекеттік тілде) 330-дан астам оқу құралдарын әзірледі.

«Үшіншіден, Латын графикалы әліпбиді қолданатын жазбаша коммуникацияға қатысушылардың үлесі артатын болады. Латын графикалы әліпбиді пайдаланатын жазбаша коммуникацияға қатысушылардың көрсеткіші 2023 жылдан бастап анықталады. Ол жылы 20 пайызға жету көзделген. Бұл көрсеткіш жазбаша коммуникацияға қатыса алатын 6 жастан 63 жас аралығындағы халық үлесі арқылы есептеледі. Республиканың барлық өңірлерінің халық санына сәйкес декомпозиция жасалады. Алдын ала болжам саны есептелетін болады», - деді комитет төрағасы.

Ол Латын графикасына негізделген қазақ әліпби мен емле ережесі жобалары қаралып, нормативтік құжаттармен бекітілгеннен кейін латын графикасына көшу жұмыстары кезең-кезеңмен іске асырылатынын баса атап өтті. 

«Төртіншіден, Қазақ тілі ұлттық корпусы мәтіндік базасының көлемін арттыратын боламыз. Корпус – белгілі бір тілдегі мәтіндердің электронды түрде жинақталуына негізделген ақпараттық-анықтамалық жүйе. Ұлттық корпустар тілді ана тілі немесе шеттілі ретінде үйрету үшін де маңызды. Әлемде оқулықтар мен оқу бағдарламалары қазір корпусқа бағытталған. Кез келген шетелдік, мектеп оқушысы, мұғалім, журналист, редактор және жазушы корпусты қолдана отырып, бейтаныс сөзді немесе грамматикалық форманың қолдану ерекшеліктерін тез және тиімді тексере алады. Ұлттық корпус алдымен тілдің лексикасы мен грамматикасын, ондағы жүздеген жылдар бойы болған өзгерістерді ғылыми зерттеу үшін қажет. Қазіргі технологиялық дамудың арқасында ақпаратты іздеуді оңтайландырады», - деді Әділбек Қабаев.