23 қыр, 2022 сағат 13:55

Ұлттық мүдде бәрінен жоғары - СІМ мәлімдеме жасады


Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі Ресей азаматтарының Қазақстанға кіру және болу тәртібі туралы мәселесіне түсініктеме берді, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"Қазақстан-Ресей ынтымақтастығы әрдайым сенімнің жоғары деңгейімен және сындарлы тәсілдерімен ерекшеленді. Қазіргі жағдайда ҚР Мемлекеттік органдары еліміздің қолданыстағы заңнамасын және халықаралық шарттарды басшылыққа алады.

Ресей Федерациясының біздің елге келетін азаматтары санының өсуіне байланысты кейбір қазақстандықтардың алаңдаушылығына орай мына мәселелерді түсіндіру қажет деп санаймыз.

Шетел азаматтарының Қазақстанға кіру және болу тәртібі бар, оларды бақылауды ҚР ҰҚК Шекара қызметі және тиісінше ҚР ІІМ жүзеге асырады.

Қазір барлық мемлекеттік орган штаттық режимде жұмыс істейді және жағдайды тұрақты бақылауды қамтамасыз етіп жатыр. Бұл ретте, кез келген елдің шетелдік азаматтарының ҚР аумағында мерзімсіз болуға құқығы жоқ, олар еліміздің көші-қон заңнамасының талаптарын сақтауы қажет.

Біз құқықтық мемлекетте өмір сүріп жатқанымызды және біздің іс-әрекеттеріміз осы қағидаттардан туындауы тиіс. Сондықтан қолданыстағы шарттар сақталуы тиіс және ықтимал құқық бұзушылықтарды әкімшілік тәртіппен тоқтату керек.

Мемлекетте ұлттық мүдделерді қорғаудың тетіктері жеткілікті, бұл орайда, ұлттық мүдде бәрінен де жоғары", - делінген хабарламада.

Ведомство болып жатқан кез келген күрделі геосаяси жағдайда біз ұлттық қауіпсіздіктің басымдығына сүйенетінін және әлемде орын алған құбылмалы ахуал мемлекетіміздің тұрақтылығы үшін сынақ болып отырғанын айтты.

"Сонымен бірге, халқымызға тән адамгершілік қасиеттер белгілі бір моральдық ережелерді сақтауды талап етеді. Азаматтарымыз өзіндік даналығын көрсетіп, қонақжайлылық дәстүріне берік болады деп сенеміз. Қазақстан - егеменді және тәуелсіз мемлекет, қуатты әрі ұйымшыл ел. Мемлекет басшысы кез келген жағдайда халық бірлігінің маңызды екенін бірнеше рет айтты. Қазіргі қиын кезеңде кез келген өткір мәлімдеме немесе әрекет жағымсыз әсер тудыруы мүмкін екенін есте ұстаған жөн.

Бүгінгі таңда Қазақстанның инфрақұрылымы көші-қонның қазіргі жағдайынан салыстырмалы түрде ауыртпалықсыз өтуге мүмкіндік береді. Қызмет көрсету және сервис объектілері де өз қуаттары аясында жұмыс істейді.

Біз ағымдағы ахуалға мұқият мониторинг жүргізіп отырмыз және елеулі бір қатерлер туындаған кезде халықаралық құқық пен ұлттық заңнаманы ескере отырып, тиісті шаралар қабылданатын болады. Біз мемлекеттік органдардың ресми және объектив ақпаратына сену маңызды деп санаймыз, бұл қажетсіз алаңдаушылықтың алдын алуға көмектеседі", - делінген хабарламада.