Қазақстан халқы Ассамблеясының кадр резерві құрылады. Президент әкімшілігі басшысының орынбасары Аида Балаева Қазақстан халқы Ассамблеясының кеңесінде аталмыш ұсынысты қолдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бүгінде Мемлекет басшысы жариялаған реформалар пакеті кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатқанын көріп отырмыз. Президент өз Жолдауында 10-нан астам заң қабылданғанын айтты. Қоғамдық кеңестер, ақпаратқа қолжетімділік туралы заңға түзетулер енгізілді. Осы мәселелер мен заңнамалық түзетулердің бәрі қоғам мен мемлекет арасындағы диалогты күшейтуге ықпал етеді. Менің ойымша, осы диалогты әрі қарай өрістету керек. Ассамблеяның бүкіл институттарының осы тұрғыда топтасып жұмыс істегені маңызды», - деді Аида Балаева.
Сондай-ақ, ол Қазақстан халқы ассамблеясының кадр резервін құру туралы ұсынысты қолдайтынын жеткізді.
«Біз ҚХА көшбасшылық мектебін құруымыз керек. Өзіміздің инстиуттарымыздың миссияларын орындай отырып, әрі қарай жұмыс істейтін жас және жігерлі азаматтардың пулын қалыптастыруымыз қажет. Бізге Парламент Сенатының депутаттығына кандидаттарды іріктеу рәсімін әзірлеу жөнінде ұсыныстар енгізу қажет. Заң тұрғысынан қалай болтанын зерделеуге болады. Президент қоғамдық кеңестер мен басқа да үкіметтік емес ұйымдардың Ұлттық құрылтайға кіретінін айтты. Бұл жерде ҚХА кеңестері мен институттарының Қазақстанның әрбір азаматының мүддесін қорғай отырып, Ұлттық құрылтай құрамында болуы да маңызды. Соның аясында жедел түрде үлгілік жоспарды әзірлейтін жұмыс топтарын құру керек шығар. Ол жоспардың бүкіл тармақтары республикалық ауқымда іске асырылуы тиіс», - деді Президент әкімшілігі басшысының орынбасары.