15 мау, 2022 сағат 14:16

Ұлттық құрылтай құрамы қалай жасақталады?


ҚР Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин Ұлттық құрылтай құрамы қалай жасақталатынын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Ұлттық құрылтай – ел Президенті жанындағы консультативтік-кеңестік орган. Соған орай оның құрамына қатысты ұсынысты Мемлекет басшысының әкімшілігі дайындайды. Және де Ұлттық құрылтайдың отырыстарына тек Ұлттық құрылтай мүшелері ғана қатысады. Ұлттық құрылтай жұмысы қоғамдық бастамалар негізінде жүзеге асырылатынын атап өткен жөн. Сонымен қатар құрылтай жұмысына қатысушыларды ауыстырып отыру принципі қарастырылған. Бұл алдағы уақытта кезең-кезеңімен өзге де қоғам белсенділерін тартуға мүмкіндік береді», - деп жазды Мемлекеттік кеңесші Telegram парақшасында. 

Сонымен қатар ол арнаулы онлайн-платформаның құрылғанын атап өтеді. 

«Қазақстан азаматтары аталған платформа арқылы Ұлттық құрылтай хатшылығына ұсыныс жібере алады. Осылайша, Ұлттық құрылтай жаңарған Қазақстан құруға өз үлесін қосуға дайын азаматтардың жалпыұлттық бірігуінің өзегіне айналады», - деді Ерлан Қарин.