Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары «ҚР Ұлттық қорынан 2020 - 2022 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы» заң жобасын мақұлдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Ұлттық қорды қалыптастыру және пайдалану тұжырымдамасына сәйкес, республикалық бюджетке кепілдендірілген трансфертті 2020-2021 жылдары 2 трлн 700 млрд теңге мөлшерінде, ал 2022 жылы 2 трлн 600 млрд теңгеге дейін төмендетумен айқындалды», - деді Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов.
2020-2022 жылдарға айқындалған Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферттің мөлшері Ұлттық қордағы қаражатты жалпы ішкі өнімнің 30 пайызы мөлшерінен төмендетпеу туралы шарттың орындалуын қамтамасыз етеді.
Жалпы отырыс барысында депуттар Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферт көлемін төмендету үрдісі туралы сұрады.
«Ұлттық қордың жинақталуы маңызды. Мемлекет басшысы Жолдауында тапсырғандай, Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферт көлемі төмендейді, төмендету кестесі әзірленді. 2022 жылы трансферт 100 млрд теңгеге қысқартылады. 2023-2025 жылдары кезеңінде жыл сайын 200 млрд теңгеге төмендейді. Ал 2025 жылдан бастап Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферт көлемі 2 трлн теңгеге дейін қысқарады. Бұл туралы Мемлекет басшысына осы жылдың 15 қазанында Экономиканы дамыту жөніндегі кеңесте баяндалды. Биылдың соңына дейін Ұлттық қор тұжырымдамасына қажетті өзгерістер енгізілетін болады», - деді Руслан Дәленов.