Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің 2-отырысы 20 желтоқсанда өтеді. Бұл жайында ҚР Президентінің кеңесшісі Ерлан Қарин Тelegram-да жазды, – деп хабарлайды «Ұлт ақпарат».
Естеріңізге сала кетсек, 2019 жылдың 12 маусымында Мемлекет басшысы ҚР Президенті жанынан Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құру туралы Жарлыққа қол қойды.
Ал 6 қыркүйекте елордадағы Тәуелсіздік сарайында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің алғашқы отырысы өткен еді. Ұлттық кеңестің құрамы белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлерінің, саяси партиялар, үкіметтік емес сектор өкілдерінің қатарынан қалыптастырылады.
Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Басшысы, Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл, Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл, Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл өз лауазымдарына сәйкес Ұлттық кеңестің құрамына кіреді.
Төрағаның шешімі бойынша Ұлттық кеңеске республикалық және жергілікті деңгейдегі қоғамдық кеңестердің өкілдері, сондай-ақ өзге де адамдар енгізілуі мүмкін. Кеңес мүшелерімен мына сілтеме арқылы таныс бола аласыздар.