17 шіл, 2019 сағат 19:04

Ұлттық кеңес маңызды диалогтық алаңға айналады – Берік Әбдіғалиұлы

Жаңадан құрылған Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі саяси қоғамдағы ең өзекті мәселелер бойынша ұсыныстар беруі тиіс. Бұл туралы «Киелі Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының басшысы, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Берік Әбдіғалиұлы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ұлттық кеңес құру Президенттің сайлауалды платформасында көрсетілген. Бір жағынан қоғамдағы түрлі пікірлерді ескеріп, соған ұсыныстарды жинау болса, екінші жағынан негізгі диалогтық алаң жасау, мамандармен, сарапшылармен ақылдасу бойынша құрылады деген жоспар бар. Оның құрамында қоғамдық пікірді қалыптастырып жүрген қайраткерлер, журналистер, блогерлер, саясаткерлер бар. Меніңше бұл да бір Президент жанындағы консультативті-кеңесші орган ретінде саяси реформалар, әлеуметтік, экономикалық жағдайларға байланысты қажетті және еліміздің дамуына маңызды ұсыныстар беріп отыруы тиіс», - деді Берік Әбдіғалиұлы.

Президент Әкімшілігінде арнайы талдау жүргізіліп, Ұлттық кеңестің 41 мүшесі іріктеліп алынған. Олар жылына кем дегенде үш рет жиналып, өзекті мәселелерді талқылауы тиіс.

«Жеке өзім руханият, ұлттың дамуы, жергілікті мемлекеттік басқару, оның ішінде ауыл мәселесі, әкімдердің жұмысы, өңірлік саясатына байланысты тәжірибем мен ұсыныстарымды бөлісемін деп ойлаймын. Саяси реформалардың қажеттілігін, либералдық принциптерді іске асыру қажеттілігін айтуымыз керек», - деді спикер.

Еске сала кетсек, бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі туралы Жарлыққа қол қойды. Сондай-ақ кеңестің құрамына кімдер енгені белгілі болды.