13 нау, 2021 сағат 19:23

ҰҚК Алматыдағы ұшақ апатының мән-жайын анықтап жатыр

Ұлттық қауіпсіздік комитеті Алматы маңындағы ұшақ апатына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды «Ұлт ақпарат».

«13 наурызда Алматы қаласының әуежайына қону кезінде Ұлттық қауіпсіздік комитеті авиация қызметінің «АН-26» әуе кемесі (борттық нөмірі - 02) апатқа ұшырады. Бортта 6 экипаж мүшесі болды, оның 4-уі қаза тауып, 2-уі ауыр жарақаттармен госпитальға жатқызылды. Авиациялық оқиғаның себептері анықталып жатыр» делінген Қауіпсіздік ведомствосының  баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Еске сала кетейік, бүгін Нұр-Сұлтан-Алматы бағытында келе жатқан АН-26 әскери ұшағы 17.22 кезінде радардан жоғалып, қала әуежайы маңында апатқа ұшыраған еді.

Ұшақта болған 4 адам қаза тапты. 2 адам түрлі жарақатпен Алматы қаласының №4 қалалық клиникалық ауруханасына жеткізілді.