07 қаң, 2017 сағат 10:48

Ұлттық банк «Қазинвестбанк» салымшыларына өтемақы төлеу тәртібін түсіндірді

Алматыда Ұлттық Банк, Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры өкілдерінің және «Қазинвестбанк» АҚ уақытша әкімшілігінің қатысуымен БАҚ өкілдеріне арналған брифинг өтті. Онда реттеуіш лицензиясынан айырылған Қазинвестбанктің салымшыларымен жұмыс істеу тәртібі түсіндірілді.

Спикерлер 2016 жылғы 26 желтоқсанда банк лицензиясынан айырылған күннен бастап «Қазинвестбанк» АҚ-ға уақытша әкімшілік енгізілгендігін атап өтті.

«Қазинвестбанк» АҚ уақытша әкімшілігінің басшысы Джемма Зинуллина БАҚ өкілдеріне уақытша әкімшіліктің негізгі міндеттері туралы айтып берді.

«Тарату комиссиясын тағайындағаннан кейін уақытша әкімшіліктің қызметі тоқтатылады. Тарату комиссиясының төрағасына «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» ҚР Заңында белгіленген мерзімде мүлік және құжаттар (ұйымның бухгалтерлік және өзге құжаттамасы, мөр, мөртабандар, материалдық құндылықтар және өзге мүлік) беріледі», – деді Д. Зинуллина.

Оның айтуынша, уақытша әкімшілік банкке түскен, оның ішінде бұрын берілген кредиттер бойынша қарыз алушылар қайтарған ақшаның; қарыздар бойынша сыйақыны, өсімпұл мен айыппұлдарды қоса алғанда, бұрын жүргізілген мәмілелерден кіріс түсуін бақылайды.

«Уақытша әкімшілік клиенттерге банктің сейф ұяшықтарында орналастырылған мүлікті қайтарады, қате нұсқаулар бойынша келіп түскен ақшаны қайтарады, банктің мүлкі мен активтерін түгендеумен айналысады», – деп жалғастырды ол.

Д. Зинуллина журналистердің уақытша әкімшіліктің банк салымшыларымен есеп айырысуға құқығы бола ма деген сұрағына да жауап берді. «Жоқ, бұл рәсімді тарату комиссиясы жүргізеді», – деп нақтылады ол.

Д. Зинуллинаның айтуынша, уақытша әкімшіліктің құрамына уәкілетті органның және депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйымның («Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры» АҚ) қызметкерлері кіреді.

Сондай-ақ, Джемма Зинуллина «Қазинвестбанк» АҚ уақытша әкімшілігі салымшыларға шұғыл режимде ақпарат беру мақсатында «жедел желілер» телефондары: «Қазинвестбанк» АҚ +7(727) 330 00 77, ҚДКҚ +7 (727) 291 56 89 немесе 8 8000 80 10 20 (қоңырау шалу тегін) ашылғанын атап көрсетті.

Барлық сұрақ бойынша «Қазинвестбанк» АҚ-ның +7 (727) 2619 060 (ішкі. 5007) «жедел желі» телефоны, Ұлттық банктің Банктерді қадағалау департаментінде +7 (727) 270 48 93 телефоны, ҚР Ұлттық банкінің Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау және сыртқы коммуникациялар басқармасында +7 (727) 278 80 84 телефоны немесе «ҚҰБ Online» мобильді қосымша арқылы өтініш жасай алады.

Сонымен бірге «Қазинвестбанк» АҚ салымшылары ҚРҰБ-ның Алматы қ., Әйтеке би к-сі, 67 мекенжайындағы Қоғамдық қабылдау бөлмесіне жүгіне алады. Анықтама телефоны: +7 (727) 261 92 13. Қоғамдық қабылдау бөлмесінің жұмыс істейтін уақыты: күн сайын сағ. 10:00-ден 17:00-ге дейін (сағ. 12:30 – 14:30 үзіліс). Алдын ала жазылу талап етілмейді.

Дереккөз: 7kun.kz