09 шіл, 2025 сағат 12:16

Ұлттық Банк ескертеді: интернет-алаяқтардан балаларды қорғау шараларын күшейту қажет

Фото: Pexels.com

Қазақстан Ұлттық Банкі цифрлық кеңістікте балалар мен жасөспірімдерге бағытталған интернет-алаяқтық жағдайлары артып келе жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды Ult.kz.

Осыған байланысты ата-аналар мен педагогтерге балалардың киберқауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша шараларды күшейтуге шақырды.

Алаяқтар әлеуметтік инженерия әдістерін қолданып, өзін таныс адам, мемлекеттік орган немесе ұйым өкілі ретінде көрсетіп, жеке және қаржылық ақпаратты иеленуге тырысады. Ең жиі қолданылатын тәсілдер — фишинг пен спуфинг, яғни жалған сайттар мен қосымшалар арқылы құпия деректерді ұрлау.

Сонымен қатар, интернетте пайда табу, зиянды контент тарату немесе деректер ұрлау мақсатындағы "виртуалды таныстар" арқылы да қауіп төнеді.

Ұлттық Банк ата-аналар мен мұғалімдерге төмендегі шараларды ұстануға кеңес береді:

  • Балаларға кибергигиена мен интернетті қауіпсіз пайдалану ережелерін үйрету;

  • Мобильді құрылғыларға ата-ана бақылауы, антивирус, қауіпсіз шолу режимін орнату;

  • Онлайн сауда мен қаржылық әрекеттерді бақылау;

  • Сенімді құпиясөз орнату және қос факторлы аутентификацияны қосу.

Балаларға бейтаныс адамдармен хат жазысуға, жеке мәліметтерді бөлісуге, ата-ананың келісімінсіз онлайн-сауда жасауға болмайтыны түсіндірген жөн. Тек ресми сайттар мен қосымшаларды пайдалануға үйрету — қауіптің алдын алудың басты жолы.

Ұлттық Банк балалардың цифрлық қауіпсіздігі — тек ата-ананың емес, педагогтер мен балалардың ортақ жауапкершілігі екенін еске салады.

Еске сала кетейік, Қазақстанда өзінің банк картасын, шотын немесе дербес деректерін үшінші тұлғаларға пайдалануға бергендер жауапкершілікке тартылады.