18 қыр, 2024 сағат 16:59

ҰҚШҰ Ұжымдық бітімгерлік күштері Алматы облысында оқу-жаттығуын өткізеді

Фото: ҚР Қорғаныс министрлігі

ҰҚШҰ Ұжымдық бітімгерлік күштері Алматы облысында оқу-жаттығуын өткізеді. Бұл туралы Қорғаныс министрлігі хабарлады.

"2024 жылғы 26 қыркүйек пен 7 қазан аралығында Алматы облысының "Жағалау" оқу полигоны базасында ҰҚШҰ Ұжымдық бітімгерлік күштерінің "Мызғымас бауырластық-2024" командалық-штабтық оқу-жаттығуын өткізу жоспарланған", - делінген хабарда.


Оқу-жауынгерлік тапсырмаларды пысықтау мақсатында оқу-жаттығу өтетін жерге 18 қыркүйектен бастап Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстанның әскери контингенттері аралас тәсілмен келе бастайтыны айтылады.

Алматы және Жетісу облыстарының аумағы арқылы әскери қызметшілердің қозғалысы темір жол және автомобиль көлігімен жүзеге асырылатын болады.

"Осыған байланысты, азаматтар мен БАҚ өкілдерінен әлеуметтік желілерде таратылатын қауесеттерге мән бермей, тек ресми ақпарат көздеріне сенуін сұраймыз", - делінген хабарда.