Тәжікстандағы ресми сапары барысында ҚР Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев «Мызғымас бауырластық - 2019» ҰҚШҰ бітімгерлік күштері оқу-жаттығуының белсенді фазасы өтіп жатқан Душанбе қаласынан 170 шақырымда орналасқан «Харб-Майдон» полигонына барды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" аталмыш ведомоствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Н. Ермекбаев бөлімшелердің үйлесімділігіне, әскери қызметшілердің кәсіби біліктіліктеріне баға берді.
Оқу-жаттығудың сценарийі бойынша ұйымдастырылған бандылық топтар Ауғанстан жағынан Тәжікстан шекарасын жарып өтіп, республиканың шекара отрядтарымен ұрысты бастады. ҰҚШҰ Ұжымдық бітімгершілік күштері халықаралық терроризмге қарсы күрес және Орталық Азия стратегиялық бағытында қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша бірлескен операцияны табысты өткізді.
Оқу-жаттығудың соңғы кезеңінде бітімгерлердің қызметіне қатысты: аймақты күзету, өткізу-бақылау пунктеріндегі қызметті ұйымдастыру, колонналарға ілесіп жүру кезінде жеке құрамның іс-әрекеті, елді мекенді бұғаттау және басқада тікелей қызметтеріне қатысты жайттарды қамтитын бейбітшілікті сақтау бойынша мәселелер қаралды.
Қазақстаннан практикалық іс-әрекеттерде Бірлескен бітімгерлік күштердің құрамында Құрлық әскерлерінің бөлімшелері, оның ішінде бітімгерлік ротасы, сонымен қатар Әуе қорғаныс күштерінен – Су-30 СМ жойғыштар бөлімі қатысты. Әскери авиация оқу-жауынгерлік міндеттерін орналасу әуеайлағынан орындады.
«Мызғымас бауырластық - 2019» оқу-жаттығуы Орталық Азиядағы бейбітшілік бағытындағы ҰҚШҰ мемлекеттері оқу - жаттығуларының құрамды бөлігі ретінде есептеледі. Сонымен қатар, оның тағы да бір ерекшелігі ұйымның Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей мен Тәжікстан сынды алты мемлекетің әскери контингенттерінің ұжымдық бірлескен іс-әрекеті.
Тәжікстанға сапардың маңызды бөлігі Тәжік-Ауған шекарасын қорғау бойынша қызмет атқару кезінде қаза тапқан қазақстандық жауынгерлерге арналған мемориалға барып, батырларды еске алу құрметіне гүл шоқтарын қою болды.
Бұдан басқа, министр ТР Қорғаныс министрлігінің Әскери институты мен Кохи Навруз Тарихи сарайын аралады.