ҰҚШҰ Армения мен Әзербайжан шекарасындағы қақтығысқа қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz агенттігі.
"2022 жылдың 13 қыркүйегіне қараған түні Армения мен Әзербайжан шекарасында ауыр қару-жарақ және ұшқышсыз ұшақпен әскери қақтығыстар болды. Салдарынан қаза болғандар мен жаралылар бар.
Күш қолдануды орынсыз деп санаймыз. Қарама-қайшылықтарды реттеу үшін Әзербайжан, Армения және Ресей басшыларының 2020 жылғы 9 қарашадағы, 2021 жылғы 26 қаңтардағы және 11 қарашадағы мәлімдемелерінде бекітілген саяси-дипломатиялық әдістер мен уағдаластықтар ғана пайдаланылуы тиіс.
Ресей Федерациясының 13 қыркүйек 9.00-ден бастап байланыс желісіндегі атысты тоқтатудағы делдалдық күш-жігерін жоғары бағалаймыз.
Армян тарапының ҰҚШҰ Ұжымдық Қауіпсіздік кеңесіне Армения Республикасына көмек көрсету туралы үндеуіне байланысты Ұйымның хатшылығы ҰҚШҰ Біріккен штабымен бірлесіп жағдайды реттеу үшін ҰҚШҰ тетіктерін іске қосу жөніндегі жұмысты ұйымдастырды.
Қаза болғандардың отбасыларына қайғырып көңіл айтамыз және жараланғандардың тезірек сауығып кетуін тілейміз", - делінген ҰҚШҰ хабарламасында.
Айта кетейік, 13 қыркүйекке қараған түні Армения мен Әзербайжан шекарасында қақтығыс басталған еді. Екі елдің қорғаныс министрліктері қарама-қайшы ақпарат таратып жатыр.
Армения Қорғаныс министрлігі Әзербайжан Қарулы күштерінің артиллерия мен ұшқышсыз ұшақтар арқылы Армения территориясын атқылай бастағанын мәлімдеді. Ал Әзербайжан қорғаныс министрлігі армян әскері ауқымды арандатушылық жасады деп айыптады.
Еске салайық, бұған дейін Армения премьер-министрі Никол Пашинян Әзірбайжан Қарулы күштерімен түнгі қақтығыста 49 армян әсери қызметшісі қаза тапқанын айтқан болатын.