Украинада арнайы операция барысында "Путинге жақын" депутат Виктор Медведчук ұсталды. Бұл туралы Украина президенті Владимир Зеленский хабарлады.
Ақпанның соңында ресейшіл саясаткер үйқамақтан қашып кеткен.
"Украина қауіпсіздік күштері арнайы операция өткізді! Жарайсыңдар! Толығырақ жақында белгілі болады. Украина алға!" деп жазды Зеленский.
Қауіпсіздік қызметінің баспасөз қызметі ұсталған ер адамның тағы бір суретін жариялап, Медведчук Зеленскийдің тапсырмасымен құрықталғанын мәлімдеді.
"Бірде-бір сатқын жазасыз қалмайды және ол үшін Украина Заңына сәйкес жауап береді", - дейді Иван Баканов.
Кейінірек Зеленский видеоүндеу жасап, Медведчукті орыс тұтқынына түскен украиналықтарға ауыстыруды ұсынды.
"Медведчук мырза космонавтика күні ұсталғаны өте қызық болды. Ол 48 күн бойы жасырынып жүріп, ақыры біздің мемлекеттен қашуды ұйғарды. Әскери камуфляж киіп өзін жасырып қалғысы келген (...)", - дейді Зеленский.
Кремль спикері Дмитрий Песков ТАСС агенттігіне Медведчуктің ұсталғанына қатысты суретті көргенін, бірақ оның қаншалықты рас екенін айта алмайтынын мәлімдеді. Песков суретті тексеру керек деп есептейді.
Айта кетейік, "Оппозиционная платформа – За жизнь" партиясы саяси кеңесінің төрағасы Виктор Медведчук – Ресей президенті Владимир Путинмен тығыз байланыс орнатқан украин саясаткері. 2004 жылы Владимир Путин Медведчуктің кіші қызы Дарияға өкіл әке атанған.
19 ақпанда Медведчук пен оның әйелі Оксана Марченконың мүлкіне санкция жарияланды.
Медведчук Украинада мемлекетті сатты деген айыппен тәулік бойы үйқамақта отырған, алайда кейін оны бақылауда ұстау әдісі өзгерген. 26 ақпанда Бас прокуратура Ұлттық полицияға Медведчуктің үймақта бар-жоғын тексеруді тапсырған, алайда саясаткер орнында болмай шыққан.