12 қыр, 2022 сағат 11:04

Украина шығысы жарықсыз қалды. Киев Мәскеуді кінәлап отыр


11 қыркүйекте Украина шығысының едәуір бөлігі жарықсыз қалды. Киев Ресей әскерінің Украина энергетика инфрақұрылымдарына шабуылдағанын, жарықтың соның салдарынан өшкенін мәлімдеді, деп хабарлайды Азаттық.

Жарық пен суға байланысты қиындықтар Харьков, Сумы, Полтава, Запорожье және Днепропетровск облысында байқалған.

Украина президенті Владимир Зеленский Ресейді "азаматтық инфрақұрылымдарға шабуылдап отыр" деп айыптады.

Ал, Харьков мэрі Игорь Терехов Ресейдің қаладағы жылу электр станциясын атқылағанын айтты. Бұл станция Украинада аумағы бойынша екінші орын алады.

Харьков облысының губернаторы Олег Синегубов бірнеше елдімекенде жарық пен су тоқтағанын мәлімдеді. Сумы облысының басшысы жарық пен судың өшуі кемі 125 елдімекенге зиян тигізгенін айтты.

Жарық пен судың жаппай өшуі Украинаның шығыстағы оккупацияланған аумақтарда Ресейге қарсы қарымта шабуылын үдетуіне тұспа-тұс келді. Осы айда басталған қарымта шабуылдың нәтижесінде Украина шығысында Ресей басып алған бірнеше қала мен елдімекенді азат етіп үлгерді.