09 ақп, 2017 сағат 11:12

Украина мен Ресейдің Бішкектегі елшілері қырғыз баспасөзі арқылы айтысып жатыр

Украина мен Ресейдің Бішкектегі елшілері Қырғызстандағы баспасөзде жанжалдасып қалды. Оған украиналық дипломат Николай Дорошенконың жергілікті журналистермен кездесуі түрткі болған. Ал келесі күні Vesti.kg жаңалықтар сайтында "Қырғызстандағы Украина елшісі жергілікті журналистерді Ресеймен жанжалдастырып қойғысы келе ме?" деп аталатын мақала жарияланды.

Материалда Ресейдің Бішкектегі елшісі Андрей Крутьконың сөздері берілген. Ол украиналық әріптесін дипломатиялық этиканы бұзды деп айыптаған. Бұған қоса ресейлік дипломат Украинаның шығысындағы Авдеевкадағы жағдайдың шиеленісуі туралы айта келіп, украиналық билікті арандатушылық әрекетке барды деп сынаған.

"Авдеевкадағы жағдайға келер болсақ, тағы бір арандатушылықтың куәсі болдық. Ұрының бірінші болып айқайлатыны туралы мақалды еске түсіреді", - деп мәлімдеген Крутько.

Украина елшісі бұған көп күттірмей жауап берді. Николай Дорошенко Ресей өкілін Украинаның ішкі ісіне араласуға болмайтынын ескертіп, өзі халықаралық хаттама аясында жұмыс жасайтындығын айтқан.

Осылайша Украинаның шығысындағы жағдайға қатысты пікірталас Бішкектегі екі елшінің баспасөздегі жанжалына ұласты.