Украина әскери-теңіз күштері Қара теңізде Ресейдің "Василий Бек" атты сүйреуші кемесін жойғанын мәлімдеді. Украина жағының хабарлауынша, кеме Ресей басып алған украиналық Змеиный аралына сарбаздарды, сондай-ақ қару-жарақ пен оқ-дәрі тасыған.
Қаза тапқандар мен жараланғандар туралы әзірге нақты мәлімет жоқ. Алдын ала болжам бойынша, кеме экипажының кемінде 70 пайызы зардап шеккен болуы мүмкін.
Кейбір басылымдар "Василий Бек" кемесіне "Тор" зенит кешені орнатылған, алайда ол украин күштерінің Harpoon зымыранымен жасаған шабуылына тосқауыл бола алмаған деп жазды.
Қолданушылар әлеуметтік желілерде видео жариялап, ресейлік кемеге кемінде екі зымыран дөп түскен деп айтып жатыр.
Соғыс жағдайында бұл мәліметтерді басқа тараптардан нақтылау мүмкін болмай отыр.
Ресей тарабы "Василий Бек" кемесінің жойылғаны туралы ақпарат жайлы әзірге ешқандай комментарий берген жоқ.