23 там, 2016 сағат 07:10

ҰҚК Алматы облысында теракт жасамақ болған 4 адамды ұстады

Ұлттық қауіпсіздік комитеті Алматы облысында бірнеше теракті жасауды жоспарлаған топты қолға түсірді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Қазақстан Республикасы ҰҚК баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

"2016 жылғы 18 тамызда Алматы облысында Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері Қазақстан аумағында террористік актілер сериясын жоспарлаған радикалды топтың 4 мүшесін ұстау бойынша арнайы операция жүргізді", делінген ҰҚК хабарламасында.

Қазақстан және Қырғызстан азаматтары болып табылатын топқа қатысушы ұсталғандардан, олардың тұрған жерінде арнайы салынған құпия орыннан қолдан істелетін жарылғыш құрылғыларды дайындауға арналған құрауыштар, діни-экстремистік материалдар алынған.

Радикалдардың ҰҚК, полиция және әскери бөлімше қызметкерлеріне және олардың орналасқан орнына қарулы шабуыл жасау бойынша жоспары бейтараптандырылды. Келесі кезеңде олар адамдар көп жиналатын жерлерде террористік актілер жасауды ұйғарған.

Тергеу және жедел-іздестіру іс-шаралары жалғастырылуда, олардың нәтижелері бойынша қосымша хабарланатын болады.

Ұлт порталы