27 қыр, 2023 сағат 18:39

ҰҚК Батыс Қазақстанда діни радикалды ұстады

Фото: ҰҚК баспасөз қызметі

Батыс Қазақстанда терроризмдi насихаттады деген күдікті ұсталды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ҰҚК баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"27 қыркүйекте ҰҚК прокуратураның үйлестіруімен және полицияның көмегімен Батыс Қазақстан облысының тұрғынын ұстады.

Ол әлеуметтік желілерде халықаралық террористік ұйымдардың үгіт-насихат материалдарын таратты деген күдікке ілінді" - делінген хабарламада.

Ведомство мәліметінше, ұсталған адам бұрын террористік әрекеті үшін сотталған.

"Тергеу іс-қимылдары барысында оның тұрғылықты жері бойынша діни әдебиеттер мен өзге де заттай дәлелдемелер тәркіленді.

Аталған адамға қатысты Қылмыстық кодекстің 256-бабының 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр" - делінген ҰҚК хабарламасында.

Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабының 1-бөлігіне сәйкес өзге ақпараттар жария етуге жатпайды.