21 жел, 2016 сағат 14:06

ҰҚК Алматы мен Қазақстанның үш облысында арнайы операцияны бастады

21 желтоқсанда Ұлттық қауіпсіздік комитетінің өкілдері еліміздің аумағындағы "Ат-Такфир уәл-Хиджра" діни-экстремистік ұйымын залалсыздандыру мақсатында арнайы операцияны бастады, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ҚР ҰҚК баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жедел іс-шаралар бір мезгілде Алматы, Ақтөбе, Атырау облыстары мен Алматы қаласында жүргізілуде.

Діни алауыздықты қоздыру және тыйым салынған  ұйымдардың  іс-әрекетіне қатысу бойынша күдікті болған 16 адам ұсталып,  ҰҚК аумақтық органдарына жеткізілді.
Олардың тұрған жерлері бойынша тінту және басқа да жедел-тергеу, процессуалдық іс-әрекеттері жүргізілуде.
Бұл ұйымдардың мүшелерінің «сенбеушілік үшін айыптау» немесе «такфир» деп аталатын ұстанымды насихаттайтыны белгілі, олар, өз кезегінде «Әл-Каида», «ДАИШ»  және басқа да бірқатар террористік ұйымдардың идеологиясында құрылған.

«Ат-Такфир уаль-Хиджра» жолын ұстанушылар Сирия мен Ирактағы террористердің іс-әрекеттерін қолдайды, сондай-ақ еліміздің конституциялық заңдары мен зайырлы басқару түрін мойындамайды.

Аталған ұйым 2014 жылы сот шешімімен экстремистік деп танылып, оның әрекетіне Қазақстан аумағында тыйым салынған. Ол АҚШ, Ресей, Қытай, Мысыр, Ливия, Марокко, Тәжікстан, Өзбекстан және өзге де елдердің террористік ұйымдар тізбесіне қосылған.

Ұлттық қауіпсіздік комитеті операция барысы және одан әрі тергеу нәтижесі туралы хабарлайтын болады.

Ұлт порталы