ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен Цифрландыруды енгізу мәселелері жөнінде ҚР Президенті жанындағы Комиссияның отырысы өтті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.
Отырыста ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының іске асырылу барысы және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ел экономикасын цифрландыруды жеделдету жөніндегі тапсырмаларының орындалуы қаралды.
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев жер қатынастары саласында цифрландыруды енгізу, сондай-ақ мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру және оңтайландыру бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады.
«Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасында 2021 жылға қарай Ұлттық кеңістіктік деректердің инфрақұрылымының, Жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастрының ақпараттық жүйесін құру және енгізу қарастырылған. Бұл Қазақстанның цифрлық картасын қалыптастыруға, халықтың жер қатынастары мен сәулет саласындағы қызметтерді алу рәсімін жеңілдетуге, жер телімдерін пайдалануды бақылау мен мониторинг жүргізуді автоматтандыруға жол ашады.
Қазақстанның Тұңғыш Президентті – Елбасының 2018 жылғы 5 қазандағы халыққа арнаған Жолдауында 2019 жылдың соңына дейін мемлекеттік қызметтердің 80%, ал 2020 жылдың соңына қарай 90% электронды форматқа көшіруді қамтамасыз ету тапсырылды. Осы жылдың қыркүйегінде түзетулер енгізілгеннен кейін Мемлекеттік қызметтер тізілімі 723 қызметті қамтиды, олардың 579-ы (80,08%) электронды түрде қолжетімді болады.
Отырысты қорытындылай келе, ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин цифрлық күн тәртібінің маңыздылығын атап өтіп, экономика саласында цифрлық шешімдерді енгізу жұмыстарын жандандыруды тапсырды.