ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен және ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Н. Нығматулиннің қатысуымен өткен Жаңғырту жөніндегі ұлттық комиссияның отырысында «Тұңғыш Президент – Елбасы Н. Назарбаевтың бес институционалдық реформасын іске асырудың 100 нақты қадамы» Ұлт жоспарының орындалу барысы қаралды, деп хабарлайды primeminister.kz.
«100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асыру Елбасының жеке бақылауында. Мемлекет басшысы Қ. Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында Елбасы құрған Жаңғырту жөніндегі ұлттық комиссияның жұмысын қайта бастауды тапсырды. “100 нақты қадам” Ұлт жоспарының орындалуын бақылау міндеті ел Парламентіндегі "Nur Otan" партиясы фракциясының алдына да қойылған. Қазіргі шынайылықтарды және өзгеріп жатқан жағдайды ескере отырып, біз барлық күш-жігерімізді үйлестіріп, Ұлт жоспарының қадамдарын іске асыру бойынша қазіргі тәсілдерді қайта қарап, жұмысты жандандыруымыз керек», — деді А. Мамин.
Бүгінгі таңда Ұлт жоспарының 100 қадамының 58-і орындалып, бақылаудан шығарылды, 3 қадам «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатыр және Қоғамдық сананы жаңғырту жөніндегі ұлттық комиссияның бақылауында.
Қалған 39 қадамды іске асыру барысы туралы ҚР ұлттық экономика министрі Р. Дәленов, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы А. Жайылғанова, ауыл шаруашылығы министрі С. Омаров, индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Б. Атамқұлов, сыртқы істер министрі М. Тілеуберді, сауда және интеграция министрі Б. Сұлтанов, энергетика министрі Қ. Бозымбаев, Премьер-Министрдің бірінші орынбасары – қаржы министрі Ә. Смайылов және Үкіметтің бірқатар мүшелері баяндады.
Премьер-Министр кейіннен Мемлекет басшысы Қ. Тоқаевқа бекітуге жіберу үшін Ұлттық экономика министрлігі ұсынған Жол картасы мен Жаңғырту жөніндегі ұлттық комиссияның жұмыс жоспарының жобаларын бір апта ішінде қарауды тапсырды.