26 шіл, 2019 сағат 13:04

Үкімет басшысы жас кәсіпкерлерге арнап тренинг өткізді

ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин «Жас кәсіпкер» және «Бастау бизнес» әлеуметтік жобаларын іске асыру барысымен танысты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" primeminister.kz сайтына сілтеме жасап. 

ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин әлеуметтік жобаларды іске асыру аясында Нұр-Сұлтан қаласындағы «Атамекен» қолдау орталығы» мобильді жұмыспен қамту орталығына, жұмысшы мамандықтарына оқыту жөніндегі оқу орталығына және «Жас кәсіпкер» жаңадан бастаушы кәсіпкерлерге арналған оқу орталығына барды.

«Атамекен» мобильді жұмыспен қамту орталығының қызметі жастарды кәсіпкерлік негіздеріне оқытуға және одан кейін жұмыспен қамтуға бағытталған. Мобильді орталықтар Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында ашылған, бүгінде 9 орталық жұмыс істейді, Қазақстанның барлық өңірлерінде тағы 30 орталық ашу көзделген.

ҚР Премьер-Министрі Нұр-Сұлтан қаласындағы «Атамекен» қолдау орталығы» жұмыспен қамту орталығында жеке ісін ашуға ниет етіп жүрген жас мамандармен кездесіп, әңгімелесті. 

Үкімет басшысы ҚР Тұңғыш Президенті Н. Назарбаевтың әлеуметтік саясаты аясында және ҚР Президенті Қ. Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Үкімет халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған шұғыл шаралар пакетін әзірлегенін атап өтті. Осы жылдың соңына дейін 300 мыңнан астам жас азамат жұмыспен қамтуға көмектесу шараларымен қамтылады. Соның ішінде «Бастау Бизнес», «Жас кәсіпкер» бағдарламалары аясында қысқа мерзімді кәсіптік оқыту, стартап жобаларға гранттар мен шағын несиелер беру арқылы қолдау көрсетіледі.

Сондай-ақ, ҚР Премьер-Министрі тігін ісіне оқытатын «DANMARD» оқу орталығына барды. Аталған оқу орталығында оқу кезеңі – 3 ай, ай сайынғы шәкіртақы 21 мың теңгені құрайды.

ҚР Премьер-Министрі кәсіпкерлік негіздеріне оқытатын «Жас кәсіпкер» оқу орталығында жоба қатысушылары үшін бизнес-тренинг өткізді.

Оқу аяқталғаннан кейін жұмыссыз және өзін-өзі жұмыспен қамтыған жастар 500 мың теңгеден астам өтеусіз грантқа үміткер бола алады, сондай-ақ, айына 19 мың теңге көлемінде шәкіртақы ала алады.

Бүгінде Қазақстан кәсіпорындарының негізінде 563 оқу орталығы жұмыс істейді (елордада 50 оқу орталығы), болашақта олардың санын 1000-ға дейін ұлғайту көзделген.