21 шіл, 2017 сағат 15:16

Сағынтаев Павлодар мұнай-химия зауытының жұмысымен танысты

Жұмыс сапары аясында ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев Қазақстандағы мұнай өнімдерін өндіретін ірі кәсіпорындардың бірі - «Павлодар мұнай-химия зауыты» ЖШС-ін жаңғырту барысын тексерді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" primeminister.kz порталына сілтеме жасап.

Павлодар мұнай-химия зауытын жаңғырту Индустриялық-инновациялық дамыту мемлекеттік бағдарламасы бойынша жүргізіліп жатыр және басқару жүйесін автоматтандырудан, энергия үнемдейтін және экологиялық таза технологияларды енгізуден тұрады, бұл шикі мұнайды қайта өңдеу бойынша өнімділікті арттыруға мүмкіндік береді.

«Павлодар мұнай-химия зауыты» ЖШС бас директоры Шухрат Данбай жаңғыртуды аяқтағаннан кейін жоғары октанды бензин өндірісі 297 мың тоннаға ұлғаятынын, сондай-ақ халықаралық Jet A1 стандартты авиаотын өндірісі қамтамасыз етілетінін баяндады.

ПМХЗ жаңғырту жобасы бойынша 12 технологиялық қондырғы мен 16 жалпы зауыттық шаруашылық нысаны салынып және жөнделіп жатыр. Жаңғыртудан кейін ақшыл мұнай өнімдері өндірісі жылына 333 мың тоннаға артады.

Зауытты жаңғырту аясында сондай-ақ қолданыстағы қондырғыларды жөндеу жүргізілуде, бұл ағымдағы жылдың соңында К4, К5 стандартты дизель отынын және авиациялық отын өндіруді бастауға мүмкіндік береді.

Жалпы, ПМХЗ жаңғырту тұтынушыларды сапалы мұнай өнімдерімен қамтамасыз етуге және жаңа технологиялар енгізу, басқаруды автоматтандыруды арттыру есебінен қоршаған ортаға жүктемені азайтуға мүмкіндік береді.