Бақытжан Сағынтаев Қостанай облысына жұмыс сапары аясында «Жемчужина Стомед Уральская» жаңа көпбейінді медициналық орталығына барып, өңірдегі мемлекеттік-жекеменшік әріптестік (МЖӘ) жобаларын іске асыру барысымен танысты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
ҚР Премьер-Министріне цифрлық рентген жүйесі, бейне-эндоскопиялық жабдықтар, ультрадыбыстық диагностика жүйесі қолданылатын клиниканың жабдықталу жұмыстары таныстырылды.
Медорталық МЖӘ тетіктерін қолданумен жүзеге асырылған жоба болып табылады, және денсаулық сақтауды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасының «жекеменшік медицинаны дамыту негізінде алғашқы медициналық-санитарлық көмек желісін кеңейту» басымдықты бағытына енгізілген.
Сағынтаевқа мемлекет тарапынан МЖӘ тетіктерін іске асыру аясында коммуникацияларды реттеуге көмек көрсетіліп жатқандығы баяндалды. Атап айтқанда, медорталыққа апарар жол жөнделді, автобус павильоны орнатылды, тұрғындарға ыңғайлы болу үшін қала автобустарының қозғалыс бағдарлары қайта қаралды.
2016-2017 жылдары Қостанай облысында денсаулық сақтау саласында екі МЖӘ жобасы іске асырылды, оған қоса ағымдағы жылдың соңына дейін Рудный қаласында және Затобол ауылында емханалар салу бойынша екі жобаны іске асыру жоспарланған.
ҚР Үкіметі биыл мемлекеттік-жекеменшік әріптестігін дамыту үшін бекіту мен жобалардың сараптама мерзімдерін қысқарту жұмыстарын жүргізді, түрлі салаларға арналған МЖӘ жобалары бойынша типтік құжаттама әзірленді, сондай-ақ инвесторларға арналған жобалардың бірыңғай базасы әзірленуде.