04 ақп, 2017 сағат 19:09

Үкімет басшысы «Арселор Митталды» сынға алды

Үкіметтің бүгінгі отырысында Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев қазақстандық тауарлар мен қызметтерді көптеп сатып алып, қазақстандық қамтудың көлемін арттыруды тапсырды, деп xабарлайды Ұлт.кз тілшісі ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.

"Мемлекет басшысы импортты отандық тауарлармен барынша алмастыру міндетін қойып отыр. Статистикалық мәліметтерге сәйкес, 2015 жылмен салыстырғанда қазақстандық қамтудың көлемі 8 пайызға азайды. Бұл нені көрсетеді? Демек, осы саладағы жұмыс бәсеңдеп кетті", - дейді Сағынтаев. Оның айтуынша, қазіргі кезде жиһаз бен жеңіл өнеркәсіп өнімдері бойынша қазақстандық қамтуды ұлғайту жұмысы қолға алынған. Алайда осымен шектелмеу керек. Бұл ретте Үкімет басшысы ағымдағы айдың аяғына дейі басқа да салаларды зерделеп, бұған дейнгі меxанизмді қолдану қажеттігін жеткізді. "Бұдан бөлек, қаржы министрлігі мемлекеттік сатып алулар кезінде отандық өнімдерді пайдалану мәселесін жіті бақылауда ұстауы тиіс. Егер біреу ол талаптарды бұзатын болса, қатаң шараларды қолдану қажет", - деп атап көрсетті Премьер-Министр.

Осы орайда Үкімет басшысы табиғи монополиялар саласындағы компаниялардың отандық газды, электр энергиясын және тағы басқа шикізатты қазақстандық өнім деп көрсеткендеріне көңіл бөлмеу керек деп санайды. Қазақстандық қамту саласында нақты тауарлар ескерілуі шарт. "Біз керек кезде ірі компаияларға қолдау жасаймыз. Демек, олардан да бір қайтарым болуы қажет. Әсіресе, «Арселор Митталдың» тарапынан ондай немқұрайлық қатты байқалады. Үкіметке ылғи келеді де, преференция алып кетеді. Өздері болса, қажетті заттарды сырттан сатып алады. Оған ешбір дауа жоқ. Оның дәл жанында - тосқауылдың арғы жағында бір зауыт бар. Бірақ олардың өнімін алмай, шетелден алып келеді", - дейді Сағынтаев. Осыған байланысты ол барлық компания басшыларын жинап, арнайы кеңес өткізуге тапсырма берді.

Айта кетейік, Премьер-Министр бір аптаның ішінде "Самұрық-Қазына" қорының сатып алуларына қатысты бірыңғай ережелерді де әзірлеуді тапсырды.