ҚР Үкіметі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасының өсуі себептерін зерделеп жатыр. Бұл туралы Сенаттың жалпы отырысында Премьер-Министрдің бірінші орынбасары - Қаржы министрі Әлихан Смайылов мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Шынымен де инфляция мәселесі маңызды, себебі халықтың өмір сүру деңгейіне, нақты ақшалай табысқа тікелей әсер етеді. Сондықтан бұл мәселе Үкіметтің тұрақты бақылауында. Біз осы тақырыпты ай сайын жергілікті атқару органдардың қатысуымен қарастырамыз. Инфляцияға тоқталатын болсақ, бүгінде жылдық инфляция белгіленген дәлізде тұр және 5,3 пайызды құрады. Жыл соңына дейін осы дәлізде сақталады деп ойлаймыз. Яғни, 5,3-5,5 пайыз деңгейінде қалуы мүмкін», - деді Ә. Смайылов сенаторлар сауалына жауап бере отырып.
Осы орайда ол Үкімет азық-түлік бағасының өсуі мәселесін тұрақты түрде зерделеп отырғанын атап өтті.
«Әлеуметтік маңызы бар азық-түлікке бағаның өсуі мәселесін селекторлық режімде тұрақты түрде қарастырамыз. Бұл тұрғыда бағаның өсуіне ықпал еткен факторларға талдау жасалып, тиісті қажетті шараларды қабылдаймыз», - деді Үкімет басшысының бірінші орынбасары.