ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Нұр-Сұлтанда С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті базасындағы ҰБТ өткізу пунктінде болды. Министр талапкерлерді аудиторияларға кіргізу процесін бақылап, оларға сәттілік тіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Ведомство басшысы талапкерлерді аудиторияларға кіргізу процесін бақылап, оларға сәттілік тіледі.
«Балалардың көңіл-күйі өте жақсы. Менің ойымша, атқарылған барлық шаралар – тестілеу тапсыру уақытын ұзарту, калькуляторларды пайдалануға рұқсат ету, мектептегі қорытынды емтихандардан босату және көптеген тегін байқау сынақтары айтарлықтай септігін тигізді. Аталған пунктіде ата-аналар барынша тәртіпті сақтап, балаларын тестілеу пунктіне әкелген соң бірден кетіп отырды. Бұл өте маңызды болып табылады. Еліміз бойынша таңғы сағат 8-де барлық балалар аудиторияларға кіргізілді, өйткені балаларды көшеде ұстамай, ҰБТ-ны уақытында бастау маңызды. Аудиторияларда да балалар әдеттегіден әлдеқайда аз және балалардың қауіпсіздігі үшін тестілеу тапсырылатын лектердің жалпы саны 5-тен 15-ке дейін ұзартылды. Санитарлық талаптар да толығымен сақталуда» , – деп атап өтті Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов.
ҰБТ өткізілетін әрбір пункте медициналық-санитарлық нормаларға сәйкес барлық тестіленушілер дезинфекциялаудың 5 кезеңінен өтті: дезинфекциялық тоннельден өту, арнайы дезинфекцияланған кілемшеде аяқ киімдерді зарарсыздандыру, дене қызуын өлшеу, қолды зарарсыздандыру сұйықтығымен өңдеу, медициналық маскалар беру. Тестілеуге кіргізу және отырғызу кезінде тестіленушілер арасындағы арақашықтықтың кемінде 2 метр болуы қамтамасыз етілді. Әрбір аудитория бактерицидтік құралдармен және ауа рециркуляторларымен кезең-кезеңмен желдетіліп, өңделетін болады. Аудиториялар тек 35%-ға дейін толтырылған, әрқайсысында 10-18 адамнан. Өткен жылы бір аудиторияда орташа есеппен 50 талапкерден болған.
Еске салсақ, биыл еліміз бойынша 131 755 адам ҰБТ тапсыруға ниет білдірген, оның 111 109-ы немесе 82% осы оқу жылының мектеп түлектері. Жалпы, карантинге қарамастан, өткен жылмен салыстырғанда ҰБТ тапсыруға ниет білдірген түлектердің саны 12%-ға артып отыр.