16 мам, 2024 сағат 19:38

ҰБТ-2024: Өзгерістер мен жаңалықтар қандай?


Фото:ашық дереккөзден

Бүгін еліміздің 14 аймағы үшін негізгі ҰБТ басталды, тестілеу 5 шілдеге дейін жалғасады. Ал, төтенше жағдай режимі жарияланған 6 өңірде, атап өтсем Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарында тіркелу уақыты 20 мамырға дейін ұзартылды, ҰБТ 25 мамыр мен 12 шілде аралығында өткізіледі. Бұл туралы бейсенбіде өткен баспасөз отырысында Ұлттық тестілеу орталығының директоры Болатбек Әбдірасылов мәлімдеді деп хабарлайды "Ұлт Ақпарат".

"Маманның сөзінше, биыл талапкерлерге негізгі ҰБТ-ны екі рет тапсырып, ең үздік нәтижемен грант конкурсына қатысу мүмкіндігі берілген. 181 мың талапкер тестілеуге қатысуға ниет білдірген, екі мүмкіндікті есепке алғанда, қазіргі таңда 330 мыңға жуық өтініш қабылданды. Өткен жылмен салыстырғанда тестіленушілердің саны 19 мыңға артқан, оның себебі – елімізде демографияның өсуі. 2023 жылы 162 мың талапкер ҰБТ-ны 291 мың рет тапсырған еді. Тағы да естеріңізге сала кетсем, 6 облыста өтініштер қабылдау әлі де жалғасуда", -деді ол.

Талапкерлердің басым бөлігі – 75%-ы емтиханды қазақ тілінде тапсыруды таңдаған. 25%-ға жуық тестіленуші орыс тілін, 221 адам ағылшын тілінде тапсыруды ұйғарды.

Атап өтсек, талапкерлер тестілеу күнін, уақытын және пунктін өздері таңдайды. Бұл ретте олар екі мүмкіндік үшін бейіндік пәндердің бір ғана комбинациясын белгілейді. Комбинацияларға келетін болсақ, қазіргі таңда талапкерлердің 16%-ы «Математика-Физика», 16%-ы «Биология-Химия»,  13%-ы «Шығармашылық», 11%-ы «Математика-Информатика» пәндерін таңдады. Соңғы бірнеше жылда алғаш рет талапкерлер ең көп таңдайтын бейіндік пәндер комбинациясы өзгерді - «Биология-Химия».

Тестілеу форматы өзгеріссіз қалды: талапкерлер үш міндетті және екі таңдау бойынша екі пәннен тест тапсырады. «Оқу сауаттылығы» мен «Математикалық сауаттылық» міндетті пәндерінен тапсырмалар саны 5 сұраққа қысқарды. Бұл бейіндік пәндер бойынша сұрақтар санын 40-қа дейін арттыруға мүмкіндік берді. Сонымен қатар бейіндік пәндерде берілген тізімнен сәйкестікті анықтауға арналған 5 тапсырма қосылды. 

Осылайша, ҰБТ тапсырмалар саны өзгеріссіз қалады, жалпы 120 сұрақ. Оның ішінде «Қазақстан тарихынан» 20 тапсырма, «Оқу сауаттылығынан» 10 тапсырма, «Математикалық сауаттылықтан» 10 тапсырма және екі бейіндік пән бойынша 40 тапсырма. Жоғары балл – 140, ол да өзгеріссіз қалды. Тестілеудің  жалпы уақыты – 4 сағат (240 минут).

"ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі талапкерлердің, оның ішінде ерекше білім беру қажеттіліктері бар түсушілердің  тестілеуді ыңғайлы тапсыруы үшін әртүрлі шараларды қабылдауды жалғастырып жатыр. Өткен жылдардағыдай, 2024 жылғы ҰБТ-да ерекше білім беру қажеттіліктері бар талапкерлер үшін ұсынылатын қосымша 40 минут уақыт сақталады. Сонымен қатар көру қабілеті бұзылған балалардың ыңғайы үшін сызба және диаграммаларсыз сұрақтар әзірленді. Қабылданған шаралардың арқасында тестілеуге қатысатын мүмкіндігі шектеулі балалардың саны артып келеді. Егер 2021 жылы ҰБТ - ға 90 бала қатысса, 2022 және 2023 жылдары олардың саны 500 адамға жетті.
Негізі, министрлік білімді талапкерлерді жоғары оқу орындарына қабылдауға мүдделі. Сондықтан ҰБТ өткізу барысында біз үшін академиялық адалдықты қамтамасыз ету маңызды. Осы мақсатта 2022 жылы енгізілген «1 компьютер – 2 камера – 1 тестіленуші» қағидаты сақталады. Сондай-ақ, өткен жылдан бастап тест нұсқалары таңбалағанын атап өткен жөн. Яғни, ҰБТ-ға қатысушылардың әрқайсысының жеке тест нұсқасы болады. Сондай-ақ, тыйым салған заттарды тестілеуге кіргізуге тырысқан, тестте ереже бұзған талапкерлердің нәтижелері жойылады", -дейді Болат Әбдірасылов.

Сонымен қатар оның сөзінше тестілеуге кіргізу кезінде қол және рамалық металл іздегіштер пайдаланылады. Бұл талапкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, ережелерді бұзу мен  тыйым салынған заттарды (ұялы телефон, шпаргалка және т.б.) алып өтудің алдын алу үшін қажет. Тестілеу барысында аудиторияның және бейнебақылаудың ауданына байланысты рұқсат етілген магниттік толқындар шегінде ұтқыр және радиоэлектрондық байланыс сигналдарын басатын құрылғылар қолданылады.

"Сондай-ақ калькулятор, Химиялық элементтердің периодтық жүйесі мен тұздардың ерігіштік кестесі компьютер экранында қолжетімді. Тестіленушілердің сұрауы бойынша кестелердің қағаз нұсқасы беріледі", -деді ол.

ҰБТ-ны электрондық форматқа ауыстырғаннан кейін емтихан нәтижесін бірден көру мүмкіндігі пайда болды. Жиналған ұпайлар экранда көрсетіледі, бұл талапкерлерге өз нәтижелерін бағалауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, қатысушылар тестілеу қорытындысымен келіспеген жағдайда бірден апелляцияға бере алады. Талапкерлер тест нәтижелеріне сұрақтардың мазмұны бойынша да, техникалық себептер бойынша да апелляцияға бере алады. Сұрақтардың мазмұны бойынша апелляция тестілеу аяқталғаннан кейінгі алғашқы 30 минутта беріледі және ол дәлелді түсініктемемен негізделуі керек. Егер тестіленуші дұрыс жауапты табуға кедергі келтіретін тапсырма шарттарында фрагменттің (мәтін, схема, сызбалар, кестелер) жоқтығын анықтаса, техникалық себептер бойынша апелляцияға бере алады. Апелляция бойынша өтініштер Республикалық апелляциялық комиссия 30 жұмыс күні ішінде қарайды. Атап өтсек, осы жылдан бастап комиссия отырысы басталғанға дейін апелляцияны жеке кабинет арқылы қайтарып алуға болады. 

"Осы орайда Ұлттық тестілеу орталығы тест тапсырмаларының сапасына ерекше көңіл бөлетінін айтып өтейін. Мысалы, қаңтар ҰБТ-сында мазмұны бойынша қанағаттандырылған апелляциялық тапсырмалардың саны 49 бірегей сұрақ, ал наурыз ҰБТ-сында - 21 бірегей сұрақ. Әзірлеушілерді, тестілеу бойынша сарапшыларды, ҰТО мамандарын халықаралық тәжірибеге сәйкес тапсырмаларды тиімді әзірлеуге және сараптауға оқыту мақсатында министрлік 350 адам үшін курс өткізді. Көп кезеңді оқыту курсы Дүниежүзілік Банктің «Орта білім беруді жаңғырту» жобасы аясында 2023 ж. қазанынан 2024 ж. наурызына дейін жүргізілді. ҰБТ – үлкен деректер көзі, үлкен тәжірибе жиналды. Бұл курс – ақылды өлшеу және сараптамалық құнды ақпарат беретін тестілеуге көшу бағытында атқарылып жатқан маңызды қадамдардың бірі", -дейді спикер.

2024 жылғы ҰБТ аяқталғаннан кейін күнтізбелік жылдың 31 қазанына дейін тестілеудің бейнежазбаларына талдау жүргізіледі. Тыйым салынған заттарды пайдалану немесе ережелерді бұзу фактілері анықталған жағдайда түсушінің ҰБТ нәтижелері жойылады.

"Біздің жұмысымыз сапалы және адал тестілеуді өткізуге ғана емес, сонымен қатар ҰБТ-ға дайындалуда талапкерлерді қолдауға бағытталған. Біз тегін онлайн сабақтарды, байқау сынақтарын және қажетті оқу материалдарын ұсынамыз. Оқу жылының басында ҰТО сайтында тест тапсырмалары құрастырылған оқулықтар тізімі мен тест жоспары; «Қазақстан тарихы» және «Дүниежүзі тарихы» пәндері бойынша 100 тарихи дата тізімі; «Информатика» пәнінен терминдер тізімі; «Қазақ әдебиеті» және «Орыс әдебиеті» бойынша әдеби шығармалар тізімі жарияланды", -дейді ол. 

Сонымен қатар Ұлттық тестілеу орталығының директорының айтуынша, тестілеуге дайындық сапасын арттыру мақсатында 2022 жылы тестілеу нәтижелеріне жеке тақырыптық талдауды енгізді. Емтихан аяқталғаннан кейін түлектер дұрыс және бұрыс жауаптармен ғана емес, сонымен қатар ҰБТ нәтижелерінің толық талдауымен де таныса алды. Яғни, тестіленушілер жеке тақырыптар бойынша өздерінің әлсіз жақтарын анықтай алады. Талдау тестілеу аяқталғаннан кейін бірден қолжетімді болып, тестіленушінің жеке кабинетінде сақталады. Менің ойымша, талдау негізгі ҰБТ-ға дайындалу барысында ерекше маңызға ие болды.

"Бұл түлектерге әр пән бойынша материалды игеру деңгейін бағалауға, қателік жіберілген тақырыптарды терең зерттеуге көмектеседі. Тақырыптық талдау талапкерлерге басты емтиханға сапалы дайындалуға көмектеседі деп үміттенеміз", -дейді Б. Әбдірасылов.