Алматы мен Астана әкімдіктерінің баспасөз қызметі учаскелік полицейлерді пәтерге кіргізбеу жарлығы туралы қауесетті жоққа шығарды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" kaz.tengrinews.kz порталына сілтеме жасап.
Әлеуметтік желілер мен WhatsApp мессенджері арқылы уақытша тіркеуді тексеріп келген учаскелік полицейді кіргізбеу туралы әкімнің жарлығы бары туралы хабарлама таралып жатыр. Мәтінде мұның нақты қай қалада екені және мұндай бұйрық берген қай әкім екені көрсетілмеген.
"Кеш жарық! Кеше әкім жарлық шығарды: тұрғындардың тіркелуін тексеріп келген адамдарға есік ашпаңыздар, ол адамдар форма киген болса да үйге кіргізбеуге құқыңыз бар. Жарлық азаматтарды тіркеуге байланысты туындаған жағдайды қылмыскерлер пайдаланып кетпеуі үшін шығарылды. Үйдегілеріңізге ескертіп қойыңыздар!", - делінген хабарлама мәтінінде.
Алматы әкімдігінің баспасөз қызметіндегілер мұның жалған екендігін айтты.
"Бұл жалған. Мұндай жарлық болған жоқ", - дейді баспасөз қызметінің өкілдері.
Астана әкімінің кеңесшісі Қайсар Жұмабайұлы да бұл қауесетті жоққа шығарды.
"Әкімнен ешқандай хабарлама таратылған жоқ. Адамдар шатастырып алған болар. Мұндай хабарлама таратқан жоқпыз және мұны растамаймыз деп нақты айтамын", - деді Қайсар Жұмабайұлы.