Фото: ОКҚ
Орталық Коммуникациялар қызметінде Қостанай облысы әкімі Құмар Ақсақаловтың баспасөз брифингі өтіп, өз кезегінде Ult.kz тілшісі әкімге облыстағы ауылдарды таза ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі мен қандастардың хәлі туралы екі сұрақ қойды.Тілшінің: «Облыста ауылдарды таза ауыз сумен қамтамасыз ету 10 жыл бойы уәде етіліп келеді, бірақ мәселе әлі күнге дейін өзекті. Жауапты шенеуніктердің әрекетсіздігі немесе тиімсіз жұмысы үшін нақты бір адам қызметінен босатылды ма? Егер жоқ болса, неге?», - деген сұрағына Қостанай облысы таза ауыз сумен қамтамасыз етілген тұрғындар саны бойынша Республикада соңғы орындарда екенін мойындады. Бірақ әкім 2022 жылы таза ауыз сумен қамтамасыз етілген азаматтар 80 пайыз болғанын жеткізді.
«Биыл 77 жоба іске асырылып жатыр. Оның нәтижесінде 15 ауыл алғаш рет таза ауыз су жүйесіне қосылады. 40 тан аса ауылдарға модульдер қойылып, олардың да мәселесі шешіліп қалады. Жылдың аяғына дейін таза ауыз сумен қамтылған адамдардың саны 90 пайызға дейін жетіп қалады», -дейді Құмар Іргебайұлы.
Әкім келесі жылы “максималды” жұмыс істеп, дайын жобалық сметалардың себебімен ауыз су мәселесін 100 пайыз орындауға тырысып отырғанын білдірді.
Бұған ult.kz тілшісі: «Осы күнге дейін мәселені шешуде жауапсыздық танытқан шенеуніктердің біреуі болса да босатылды ма?», -деп қайта сұрап еді, әкім
«Жыл сайын бөлінетін қаржы бірдей. Мүмкін, бір жауапқа тартылған шығар. Біразы бар шығар! Нақтылап қазір айта алмаймын», -деп жауап берді.
Біздің екінші сұрақ: «Қандастарды жұмыспен қамту туралы есептерде жақсы көрсеткіштер айтылғанымен, олардың арасында білімі мен кәсіби біліктілігіне сай жұмыс таба алмадым деп жүргендер көп. Әкімдік бұл проблеманы шешу үшін қандай нақты бағдарламалар әзірледі, және ол бағдарламалардың тиімділігіне кім жауапты?», -болды.
Әкім көшіп келгендердің дені Рудный қаласына орналасып жатқанын айтты.
«Көшіп келген азаматтарды ең бірінші біліктілігі жетпесе оны оқытып жатырмыз. Рудныйда ашылатын ірі зауыттар туралы айтып кеттім. Және де Рудный қаласының әкімдігінің басшылығына да, комбинаттың басшылығына ылғида айтып отырамыз. Жігіттерді сендер орналастырыңдар. Біраз жұмыстарға бұл азаматтар тартылды. Тағы да айтамын, өзінің кәсіби біліктілігі жетпей қалатын болса курстар арқылы оқытылып, жұмысқа тартылатын болады», -дейді әкім.
Құмар Ақсақаловтың мәліметінше қазірде 200-ге жуық қандас тұрақты жұмысқа орналастырылған.
Айта кетейік, ресми мәлімет бойынша, 2024 жылы 16 535 этникалық қазақ тарихи отанымен табысып, қандас мәртебесін алған. Жалпы 1991 жылдан бері республикаға 1 млн 144,9 мың этникалық қазақ оралған. Сонымен қатар, қандастарды қоныстандыру үшін келесідей еңбек күші тапшы өңірлер анықталған: Ақмола, Абай, Қостанай, Павлодар, Шығыс және Солтүстік Қазақстан облыстары. Осы жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша еңбекке қабілетті жастағы этникалық қоныс аударушылар саны 57,4%-ды, еңбекке қабілетті жастан кіші 33,2%-ды және зейнеткерлер 9,4%-ды құрайды.
Еңбекке қабілетті жастағы қандастардың ішінен білім деңгейі бойынша, 17,8%-ы жоғары білімді, 24,8%-ы орта кәсіби білімді, 54,4%-ы жалпы орта білімді, және 3% білім жоқ.