18 мам, 2022 сағат 14:27

Тыйым салынған діни әдебиеттерді таратқан павлодарлық әйел жауапқа тартылды


Тыйым салынған діни әдебиеттерді таратқан павлодарлық әйел жауапқа тартылды, – деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

Павлодар қаласының экстремизмге қарсы іс-қимыл тобының қызметкерлері интернетте мониторинг жүргізу барысында қолданушы парақшасынан діни мазмұндағы материалдары бар 39 аудиожазба анықтады.

"Тексеру іс-шаралары барысында 35 жастағы павлодарлық тыйым салынған контентті ашық жариялаған. Бұл факті бойынша дінтану сараптамасы жүргізілді. Оның қорытындысы бойынша Павлодар қаласының мамандандырылған әкімшілік соты павлодарлық әйелге ҚР ӘҚБтК-нің 453-бабы 2-бөлігі (Бұқаралық ақпарат құралдарының өнiмiн, сол сияқты өзге де өнiмдi Қазақстан Республикасының аумағында дайындау, сақтау, әкелу, тасымалдау, тарату) бойынша 20 АЕК көлемінде әкімшілік айыппұл салып, әкімшілік жауапкершілікке тартты, – деп хабарлады Павлодар облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі.