Жамбыл облысында барлығы 3 336 тарихи-мәдени ескерткіш бар. Оның 28-і республикалық мәндегі ескерткіштер. 5 тарихи нысан ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік мәдени мұра тізіміне енгізілген, олар – Ақтөбе, Құлан, Өрнек, Қостөбе және Ақыртас қалашықтары. Ұлы Жібек жолының ауқымды бөлігі Жамбыл облысының аумағы арқылы өтеді. Мұнда тарихи-мәдени ескерткіштер де көптеп орналасқан.
Алайда, бүгінгі таңда Әулиеата жері туризм мәселесінде табысты өңірге айналмай отыр. Рас, отандық экономикадағы қолайлы жағдай, мемлекеттік қолдау кәсіпкерлерді қолайлы қонақүйлер салуға ынталандыруда. Мысалы, Жамбыл облысында 2013 жылмен салыстырғанда 2016 жылы қонақүйлер саны 82 пайызға артқан. Әйтсе де, қонақүйлердегі орындардың толымдылығы небәрі 12,4 пайызды құрап отыр. Бұл 2013 жылмен салыстырғанда 2,5 есеге аз.
– Мұның басты себебі – облыс орталығында шет елден келетін туристерге қызмет көрсететін жоғарғы кластағы қонақүйлердің жоқтығы, – дейді облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Қарлығаш Аралбекова. – Ал қолда бар қонақүй базасы 50-60 пайызға ескірген. Жыл басынан бері облыстық кәсіпкерлер палатасы мен облыс әкімдігі туризмді дамыту бағытында бірқатар нәтижелі жұмыстар атқарды. Туризм кластерін дамыту және «Жібек жолы» жобасын жүзеге асыру жөніндегі жұмысшы тобы құрылды. Өткен наурыз-сәуір айларында топ облысымыздағы туристік нысандарды аралап, инвентаризациялау жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар, аймақта туризмді дамыту мақсатында облыстың визиттік картасы жасалып, Оңтүстік Қазақстан және Алматы облыстарының, Қырғызстан мен Ресейдің туристік фирмаларына жолданды. Осының нәтижесінде жергілікті мәслихат 2016 жылы туризмді дамытуға 41 миллион бюджет қаражатын бөлуге шешім шығарды. Бөлінген қаражат туристік сайт жасауға, жарнамалық өнімдер шығаруға және туристік-ақпараттық орталық құруға жұмсалатын болады.
Енді өңірдегі туризм саласын әлемдік тәжірибе негізінде дамыту үшін қаланың көрікті жерлерін тамашалап танысу үшін екі қабатты брэндті автобустар жүргізу, облыстың туристік маршрутына кіретін нысандардың инфрақұрылымын қалпына келтіру, оқиғалық туризмді дамыту аясында жыл сайын Қазақ хандығы фестивалін өткізу, шеберлер мен қолөнершілер қаласын жасау және тағы да басқа жұмыстар қолға алынуда.
Келесі жылы ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесін ұйымдастыру Қазақстанның жарқын жобаларының бірі екені анық. Бұл халықаралық көрменің дайындық жұмыстарына облыстан әріптестік туралы меморандумға қол қойған 4 туристік компания қатысуда. Бұл өңір ЭКСПО қонақтарын қабылдайтын облыс ретінде қызу дайындық үстінде. Бұл компаниялар қаламызға келетін қонақтар үшін туристік маршруттар әзірледі. Тағы бір айтары, экскурсиялық маршруттар қатарына қаланың көрікті жерлерімен қатар іскерлік туризмді дамыту мақсатында ірі кәсіпорындар да енгізілген. Сонымен қатар, келген туристерге ағылшын, қытай және түрік тілдерінде қызмет көрсететін гид даярлау ісі де қолға алынып, 35-40 адам арнайы оқыту курстарынан өтетін болады.
Бүгінде Жамбыл облысы аумағында 3 қорық мемлекет қамқорлығына алынған. Облыстың флорасы мен фаунасы әралуан. Мұнда өсімдіктің 3 мыңнан астам түрі өседі. Ал аңшылық жердің жалпы аумағы 13,9 мың гектарды құрайды. Онда жануарлардың 40 мыңнан астам түрі мекен етеді. Сондай-ақ, балық шаруашылығы қоры 27,8 мың гектарды құрайды. 74 су айдыны бар.
Қалай айтсақ та, бұл өңірде туризм саласы үлкен әлеуетке ие. Яғни, кәсіпкерлікті дамытудағы басым бағыттардың бірі ретінде туризмге әлі де тың көзқарас пен нақты тірлік қажет.
Оралхан ДӘУІТ,
«Егемен Қазақстан»
Жамбыл облысы