Абай өмір сүрген кезең — қоғамдық екі формация аралығында, бодандық қоршылығында күйзелген қазақ дағдарысының шегіне жеткен уақыты. Абай өмір сүрген түс — қазақтың елдігі қожырап, ерлігі семген, ел тұтқасын – болыспен, батырды — барымташымен шатастыра бастаған кез.
Қазақтың ең ұлы ақыны – бағдарсыз қоғамның, бас еріксіз, қорғаншақ қор қауымның, жалтаңкөз ұлттың азаматы еді.
Абай өлеңге келер шама — орыс поэзиясы басынан неше реформаны өткеріп болып, енді Некрасов — феттік оппозиция әбден жік ажыратып, бағытын айқындап алған, әйгілі крестьяндық эпопея («Кому на Руси жить хорошо?») мен атышулы етістіксіз өлең («Шепот, робкое дыхание») жазылған, әдебиеттегі жетекші жанр — проза болған, сөзбен өрнектелмейтін тілсіз сезімдерді, тылсым түйсіктерді сөйлетемін деп аласұрған бозбала Рембонын көзіне дыбыстың өзі бояу боп шалынып шалықұра бастаған шақ. Батыстың озық өнерімен танысқан бойда, «дәуір талабына жауап бере алмайтын» төл классикасынан безіп шыққан жапондар, енді ғана есін жиып,«Жапон рухы — батыс білімі» деген ұран тастап, жаңа үлгідегі поэзиясын жасап, жана типті суреткерлерін қалыптастыра бастаған уақыт. Европа мен орыста символистік, декаденттік, футуристік, имажистік... танаптардың көгі қылтиып, топырағы бусанып жатқанда, қашанғы кәрі даңғылдан табаны тайып көрмеген қазақ өлеңі осының бәрінен бейхабар қалпы, өз тарихындағы ең ұлы тұлғаның—көне өрісті әлемдік кеңістікке ұластырар жалғыз кемеңгерінің дидарын, жыға танымаса да, жаңа болжап еді.
Абай қырықта болатын...
Шығармашылықта «ерте ашылатын, кеш ашылатын индивидуумдар болады» дейді XX ғасырдың ұлы ақындарының бірі, әйгілі әдебиет теоретигі, сыншысы Т. С. Элиот. Жалпы, ол кісі айтпаса да белгілі жай. Сирек те болса, кездесетін шындық. Уитмен отыз жетісінде «кенет» ұлы ақын болып оянады. Шығармалары сопылық поэзияның шыңы болып есептелетін Жалаладдин Румидің қалғып жатқан ұлы дарыны қырықтан аса бере дүр сілкінеді... Абай ақындық өнерге мән бермей, немесе, «дайындықпен» жүріп қалды дегенге сенбеймін. Рас, пісіп-жетілу деген де бар шығар, бірақ, анығында, табиғи гений, кезі келгенше, күні туғанша көзін таппай тұмса жататын құпия қуатқа ұқсайды. Бұйрықты күні өзі ашылады, я бір түрткі оятады. Қырықтағы Абайдың Өлеңге келуі — өзінің құдіретті тегеурінінен қаперсіз, тынық жатқан телегейдің оқыс теңселіп кеткеніндей, қорданың астында бұғып жатып қоздаған шоқтың алапты айқара лап қойған алапат өртіндей орасан құбылыс... Ғажайып таулар, керемет көлдер – бір кездері жер бетінде болған ұлы апаттардың салдары. Гений де сондай бір pyx сілкінісі. Қазақ санасынын жана рельефін жасаған Абайдың шығармашылық қажыры да осы бейнелі.
Көл-көсір ескіліктің қалың ортасына шыжымдап енетін, сол көненің қойнында жатып жылтырап көз тартатын жаңалық бар; түнекке Күн болып кіріп, күндіз бен түнді ажыратқандай ескі мен жаңаның, жігін айқындаған жаңалық болады – Абай шығармашылығы!
Әлеуметтің эстетикалық аңсары тудыратын, іштей пісіп, құпия толғатып, айы-күні жеткенде аңдаусыз пайда болумен бірге, күтулі дүниедей санаға сызатсыз сіңіп кететін өзгерістер де кездеседі. Шынайы ұлы құбылыстар, соның ішінде Абай феномені туралы бұлай деу қиын. Сол тұстағы қазақтық эстетикалық санасы бұл сипатты орасан төңкеріске дайын емес еді. Абай шығармашылығының тосындығы мен өзгеше қуаты қазақ топырағында жаңа поэтикалық құнар мен оқырмандық қабылдау мәдениетінің қалыптасу процесін күрт жеделдетті. Бұған күмәніңіз болса, Ахмет Байтұрсыновтың «Қазақтың бас ақыны» деген мақаласын қараңыз. Ахаң ұлы ақын шығармашылығымен — Абай жазар сөзін жазып болып қалғанда, 1903 жылы ғана танысады. Сондағы Ахаңның әсері: «Оқып қарасам, басқа ақындардың сөзіндей емес. Олар сөзінен басқалығы сонша, әуелгі кезде жатырқап, кешке дейін тосаңсып отырасың. Сөзі аз, мағынасы көп, терең. Бұрын естімеген адамға шапшаң оқып шықсаң, азына түсініп, көбінің мағынасына жете алмай қалады. Кей сөздерін, ойланып дағдыланған адам болмаса, мың қайтара оқыса да түсіне алмайды... Сондықтан Абай сөздері жалпы адамның түсінуіне ауыр екені рас. Бірақ сол ауырлық Абайдың айта алмағанынан болған кемшілік емес, оқушылардың түсінерлік дәрежеге жете алмағанынан болатын кемшілік».
Өз сөздерінің түрі жат, түбі терең екенін, мұндай сөзді «ынталы жүрекпен» ұғу керек екенін Абай да неше мәрте ескертеді. Сөз ұқпаудың да түр-түрі бар. Соның ішінде, салғырттық, ынтасыздық – Абайға қайғы.
«Айтшы-айтшылап» жалынар,
Ұққыш жансып шабынар.
Ұқпай жатып жалығар
Ұйқылы-ояу бойкүйез.
Абайдың идеалындағы тыңдаушы-оқырман:
Жүрегі – айна, көңілі – ояу,
Сөз тыңдамас ол баяу,
Өз өнері тұр таяу,
Ұқпасын ба сөзді тез?
«Өз өнері тұр таяу» деп, Абай жақсы тыңдаушыны өз парасатының деңгейіне көтере әспеттейді.
Кемеңгер, қазақтың келер ғасырдағы поэзиясы мен оқырманының мәдениетін қалыптап жатқанын өзі жақсы білді. «Арттағыға сөзің мен ісің қалса, – Өлсең де, өлмегенмен боласың тең» дегенде, Абай өз сөзіне де үміт артқаны анық.
Сөйтіп, Абай өлең жазған жиырма шақты жылдың ішінде қазақ өлеңі әлемдегі поэтикалық мәдениеті ең зор елдердің поэзиясымен үзеңгі қағысты. Бұл мерейлі оқиғаның мезгіл-межесі, нақты «датасы» – Абайдың көп атақты өлеңдері жазылып үлгерген, Пушкиннен ғажайып аудармалар жасалған 1889-90 жылдар деп шамалаймыз.
...Көркемдік-эстетикалық, санадағы, бұл сынды орасан төңкерістің жалғыз адамның (!) қажырымен және осынша қысқа мерзімде іске асуы, қазақша айтқанда, құлақ естіп, көз көрмеген оқиға. Жаңағы айтқан жапондарды алыңыз – осы текті өзгерістің қам-қарекеті үстінде қаншама тұлға бой көтергенін, қаншама суреткердің бірлескен ұжымын, айтыс-тартыс, дау-дамайын, жаңаның таңсығы мен оны орнықтырудың драматизмін көрер едіңіз. Ұлы реформатор Пушкин де дәл Абайдай жалғыз емес еді. Қазақ әдебиеті европа, орыс әдебиетімен Абай арқылы XIX ғасырдың аяқ шеніне қарай танысты дедік. Одан әлдеқайда бұрын араласқан әдебиеттер қаншама (айталық, татар, азербайжан, грузин, армян т. б.). Бірақ, ешқайсысы Абайға пара-пар ақын бере алған жоқ. Бұл — феноменнің тууы үшін тарихи-мәдени, әлеуметтік-рухани шарттармен қатар, ұлы кездейсоқтық – ұлы дарын дүниеге келу керектігі туралы қарапайым қағиданы тағы да растайды. Тұлғаны, құбылысты заманы тудырады – рас, бірақ, генийді, қалай дегенмен де, табиғат жаратады — бұл да ақиқат.
Қазақ дегенде айрықша пейілді, артықша жомарт, мырза Табиғатқа – мың-сан мадақ!
...Тағы да сол орыстарға келейік. Абай үлгі тұтқан Пушкин, Лермонтов, Толстой кім? Біз үшін анығы сол – осы үшеуінен басқа ешкімді оқымаса да, Абайдай сара көкірек, кемеңгер ақыл үшін әлемдік ойды қозғаған көп мәселелер мен мәдени-көркемдік кемел үрдістер беті ашық кітаптай сайрап жатар еді. Бірақ, кейбір өлең, қара сөздеріне үңілген сайын, Абайдың ақындық кітапханасы біз бүгінде әбден анық білетін есімдермен ғана шектелетініне күмән күшейе түседі. Пушкиннің орны дара болғанмен, алды-арты, айналасы қу тақыр емес — Пушкинді Пушкин жасаған жағдаяттар мен тұлғаларға толы. Бұл тұрғыда, Лермонтов та оқшау, Толстой да жалғыз емес. Әрқайсысының артында бір орыс емес, күллі европалық цивилизация, батыс мәдениетінің көз жеткісіз қиыры жатыр. Әрқайсысы-ақ сол тұстағы әлемдік озық мәдени, әдеби дәстүрлердің сығынды сөлі, шымқай гүлі. Бірақ, Абай мұны қанағат етпеген сияқты. Мәселен, оның Фетті оқығанында күмәнім жоқ. Фет етістіксіз өлеңімен талайды дүрліктірді. Абайдың, керісінше, ыңғай бір етістіктерге жүк артатын өлеңдерінде Фетпен де іштей бір бәсеке бар сияқты көрінеді де тұрады. Мәселен, «Қызарып, сұрланыптағы» естелік, наз, көңіл-күй, сезім құбылыстарының алмасу, даму динамикасы – үстемелеп келетін толып жатқан етістік-баяндауыштармен беріледі. Бұл – бітіп болмайтын ұзақ бір сөйлем, бір тыныспен айтылған сыр. «Тотықұс түсті көбелек», «Оспанға» («Жайнаған туың жығылмай») сияқты өлеңдерінде де Абайдың етістікке жасаған «эксперимент!» айқын көрінеді.
Абайдағы «алты аяқтардың» да таза үлгісі Фетте тұнып тұр!
Немесе... Мәселен, Абай В. А. Жуковскийді де оқыған деп ойлаймын. «Асқа, тойға баратұғын» өлеңінің фабулалық сүлдерін, қойылған негізгі мәселенің түп-төркінің іздесек, Жуковскийдің, «Людмила», «Светлана» балладаларына, сол арқылы неміс ақыны Г. А. Бюргердің «Ленора» балладасына, сосын... Г. Гейненің Лермонтов аударған бір өлеңіне шығамыз. Осындай қиыр-шиыр жол кешесіз. Ал, Абайдағы кейбір бейне, сарындардың тегін тектесеңіз, бұдан да қиын бұралаңдарға түсесіз...
Абайдың парасаты барлаған өрістердің шеті, шегі көрінбейді!
* * *
Сол Жуковский, аудармаларымен-ақ тұтас бір кезеңдегі орыс поэзиясының көшбастаушысы болды.
Ал, Абай өз тәржімашылығынан не мағыналар көрді?
Мәдениеті өзгеше, танымы ортасынан оқшауланған адамның ішкі әлемі, парасат, өнер қуаты өзге кең өрістерді аңсайды. Бұл сипатты тұлғаның (ақынның) шабытына, көркемдік аңсарына қарабайыр ортаның, шағын қауымның болмыс-тіршілігі, ұдайы лайықты мазмұн, тақырып тауып бере алмайды. Аударма — Абай үшін шеберлік жетілдіру, өнер жарыстыру ғана емес, өзі теңдеспен сырласу, ортасына «жат» ойлар мен сезімдерді қазақша өрнектеу талабынан туған қажеттілік деп қарау керек.
Аударма, Абай үшін, ең алдымен, «мәдени» тақырыптардың қоймасы. Мәселен, Пушкин күзді жақсы көретінін, шабытының күзде тасқындайтынын айтып өлең жазады. Абайға бұл — тақырып емес. Дәстүрдің шектеуі. Тақырып жөнінен кейде дәстүрден шығандап, құрық үзіп кете алмайтын Абай, аудармаларында «сегіз қиыр шартарапты» шарлайды. Сол арқылы дәстүрдің шеңберін талқандап, қазақ өлеңінің мәдени өрісін ұлғайта түседі. Сол талпыныс, мәселең, Пушкиннен аударған үзіктердегі ғажайып сырлар мен поэтикалық бейнелерге жол ашады. Пушкиндік «материалды» кемеңгер жай меңгеріп қана қоймайды, өз жаны мен ойының сәулесін қосып, еркін игеріп, тіпті «билеп-төстеп» кетеді. Пушкинде жоқ өрнектер төгеді. Пушкиндегі тірі Онегинді өлтіреді...
Пушкин — Абайдың ақындық мәдениетке жетігу мектебі ғана емес, бәсекелесі де.
Абайда, оған дейін қазақ өлеңі білмеген талай сыр мен сезім боп көрсетті. Абайға дейін өрнектелмеген сезімдер сол сезімдердің болмағанынан, немесе қазақ жайының мұндай нәзік сырға жетілмегенінен емес. Лайықты поэтикалық тілдің жасақталмағанынан. Дәстүрлі поэтика шеңберінің тарлығынан. Кемеңгердің қажырымен өрнегін дөп тапқан сырлар оқырман, тыңдаушының да эстетикалық сезімін жетілдіре, түрлендіре түсті.
Қазақ санасы, қазақ рухы, қазақ сезімі Абаймен жетілді.
* * *
Біз үшін жұмбағы жоқ деп есептелетін және бір мәселе — Абайдың, салыстырмалы түрде, аз жазғандығы. Бір жылда жазылған өлеңдерінің ала-құла санына қарап отырсаң, Абай — бүгінгі өлшеммен, нағыз «әуесқойдың» өзі болып көрінеді. «Жасынан ел ісіне араласқан, қолы тимеген, мән бермеген, кейін мүмкіндік болмаған...» т. с. с. Осының бәрінде де қисын бар... Алайда, Абайға дейін артында, шағын да болса, екі том сөзі қалған қай қазақ, ақынын білеміз?
Қазаққа, сапасын қоя тұрайық, саны жөнінен ең мол мұра қалдырған, ең бірінші өнімді ақын да – Өзі!
Жай сөзінің өзін өлеңмен сөйлеген дейтін «көмекей әулие» Бұқардан да ондай көлемді дүние қалған жоқ. Айтқан-ақ шығар – қалған жоқ.
Ал, жалпы, санның сапаға айналатыны туралы классикалық анықтаманың өнерге қатысы шамалы.
Өзінің алдындағылармен салыстырғанда, Абайдың әр өлеңін жаңалық деуге болады. Он бір буын қара өлең үлгісімен, яки 7-8 буындық дәстүрлі өлшеммен жазғандарының сырты – әдепкі болғанмен, өлеңдегі әр сөзінің салмағы, өрнектерінің мінсіз келісімі – тосын. Абай сөздерінің қиюы екі қисынның арасында бір қалғып алуға болатын бұрынғы өлеңдегідей емес – тығыз. «Ынталы жүректің» ыждаһатынсыз ұқпайсыз.
Мұхтар Әуезов сынаған «Қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы» деген өлеңнің кемшілігі — Абайдың өз деңгейімен өлшегенде ғана кемшілік. Ал бұл өлшеммен өзгелерді де таразылай беретін болсақ, онда... Абайға дейінгі қазақ поэзиясы тек кемшіліктен тұрмақ...
Абайда, жаңа табылған бір үлгіге қайтып оралу аз. Көбі – бір-бір «дана» ғана. Ұйқас жүйесі кейде қайталанғанмен, бүкіл құрылымы бір-бірімен сәйкесетін екі өлең табу – күш (алты аяқтардан басқа). Бір табылған олжаны «майдалап», әлі талай керегіне жаратса, ешкім қолынан қақпас еді. Әйтпесе, осы тұр, осы мазмұн тұтасып, кемеліне келгенше жасаған тәжірибелерін (егер ондай бар болса) қалдырса, бүгінгі оқырманға да, зерттеушіге де аз дүние болмас еді.
Осы айтылған бірер жайдың өзі Абайдың «аз» сөзіне қаншалық қыруар қуат жұмсалғанын көрсетсе керек.
Санның сапаға қатысы туралы классикалық анықтама өнерге де тиесілі...
Егер санның орнында — жұмсалған қуат пен дарынның мөлшері тұрса.
* * *
«Есіңде бар ма жас күнің»... Қайырылып артқа қарай қалса, қалып кеткен белгісіз, мағынасыз «бұлдыр көп күнді» ғана көргіш, жасаураған жанары «үмітті сәуле етіп» бірыңғай тек алдыңғы келешекке, «көк тұман келер заманға» қадалғыш Абай, өзінің өткен өмірін көп қызықтай бермейді. Лирика – жанның арманы һәм естелігі. Бірақ, жастық, махаббат қызығына («Желсіз түнде жарық ай», «Қызарып, сұрланып» т. б.), Оспан мен Әбдірахманға қатысты («Кешегі Оспан», «Арғы атасы қажы еді») бірді-екілі өлеңдері болмаса, Абайда естелік жоқ. Абайда дүниенің өзінен ілгері-кейінгі ақындарындай балалық шақты, жастықты, елінің бұрын батыр болған, бай болған, өзіне өзі би болған еркін күнін еске алу жоқ. «Ішіп терең бойлаймын – Өткен күннің уларын» – бұл естелік емес. Қайғы. Өткен күннің суреті емес, сор татыған өкініші. Пушкинде де поэтикалық балалық шақ жоқ. Оны М. Ю. Лотман ұлы ақынның бұл дәурені сүреңсіз өткенінен деп түсіндіреді. Ал, Абайды қалай түсіндіреміз? Құнанбайдай әкесі, әлденеше шешесі болды. Бесігін – байлық пен бақ тербетті... «Балалық өлді, білдің бе – Жігіттікке келдің бе?»... Тағы да жай констатация. Бәлкім, дәстүр... Өзін көне поэтиканың көп үрдісінен азат сезінген Абайдың мол шапанының шалғайы кейде «ескіліктің» елеусіз бір шегелеріне ілініп қала беретінін байқайсыз. Европа, орыс ақындары көңіл бөлетін көп «ұсақ-түйек» Абайға тақырып емес. Абай «көңіл бөлген» табиғат лирикасын алайық, мәселен. Өзіне дейінгі қазақ поэзиясында болмаған үрдіс. Бұл құбылысты – белгілі бір халықтың поэзиясында белгілі бір көркемдік объектілердің, элементтердің болмауын әдебиеттану, кейде ғасырлар бойы өзгермейтін, мықты құрсауынан босатпайтын, о баста бекіген шекара-шеңбері тұрақты сақталатын әдеби, жанрлық канондардың, сондай-ақ, дүниетанымдық ұстанымдардың ықпалы деп түсіндіреді. Парықтасақ, көшпенді қазақтың да дүниетанымындағы табиғат осы қисынға негіз болғандай.
Ғасырдың басындағы жапондар Тургеневтегі «листья шептались» деген жалғыз бейнелі тіркеске таң-тамаша қалыпты. Және осы әсер өзінің дәстүрлі жанр аясында шырқау шегіне жеткен, бірақ, мызғымас әдеби қалып-канондар құрсауында сіресіп қатқан жапон поэзиясы үшін табиғатты бейнелеуде бұрын көріп-білмеген орасан мүмкіндіктер ашқан. Өткен ғасырдың аяғындағы қазақ та «ақ киімді, денелі, ақ сақалды», «соқыр, мылқау» – қысты көргенде, немесе, әркімге-ақ, таныс күнделікті, үйреншікті көрініс кенет:
Желсіз түнде жарық ай
Сәулесі суда дірілдеп,
Ауылдың жаны терең сай
Тасыған өзен күрілдеп.
Қалың ағаш жапырағы
Сыбырласып өзді-өзі...
болып (Тургеневтің «Жапырақтар сыбырласты» – сын ұмытпаңыз), сиқырлы, сырлы суретке, сүйіспеншілік естелігін тербеткен сәулетті сезім әлеміне айналып жүре бергенде, қайран қалмасқа шарасы болмаған шығар.
Табиғаттың мүбәрак қойнында өсіп-өнген көшпендінің табиғатқа көзқарасы емшектен шықпаған сәбидің өз анасы туралы түсінігіндей жаратылыстан бөлініп-жарылмаған тұтас түйсіктен тұрады. Ой-санасы, мәдениеті жоғары сатыға көтерілген адамзат әлемінде көшпенді — ең табиғи адам. Мұндай адамның эстетикалық санасы табиғатты жеке объект, өз алдына дербес құндылық ретінде бөлектеп қарамайды. Бұл тұрғыда, Абай – қазақтың дүниелік, эстетикалық таным әлеміндегі ең алғашқы «отырықшы». Қазақ өлеңінде, біз шартты түрде, табиғат лирикасы деп атайтын жанр, үрдіс туды. Бірақ, қараңыз, Абайда «таза» табиғатқа арналған қанша өлең бар? Санаймыз: жылдың әр мезгіліне арналған төрт-бес өлең... Табиғат сүйіспеншілікке, және басқа сезім-күйлерге фон, психологиялық параллель ретінде алынған бірді-екілі өлеңдер («Желсіз түнде жарық ай», «Қызарып, сұрланып», «Көк ала бұлт сөгіліп», «Күнді уақыт итеріп...»). Аудармаларындағы табиғат – өзге мәдениет өрісінен сығалаған сәулелер ғана.
Алдынғы төрт-бес өлең – антологиялық сипаттағы туындылар. Жылдың әр мезгіліне жеке-жеке арналуы да осыны аңғартады. «Табиғатты жырлауға болады, және осылай жырлау керек» деген сыңайдағы бір-бір дана классикалық үлгілер («Жаз», «Жазғытұры», «Қыс», Қараша, желтоқсанмен сол бір-екі ай», «Күз») Абайдың «табиғаты бар» басқа өлеңдері де қазақ поэзиясы үшін жаратылыс көріністерін көңіл-күй, сезіммен, тіршілікпен астастырып, тұтастырып, болмыс сырымен, адам рухымен көріктендіріп берудің поэтикалық ғажайып тағлымы.
Рас, сонымен бірге, табиғат — Абайдың көркемдік әлеміндегі шекарасы шағын ғана аймақ болып қала бермек. Адамның ішкі қыртысы, жан сарайы, тіршілік, болмыстың қат-қабат сырлары, әлеуметтің қамы, «қырық жамау» жүректің қайғысы мен ызасындай емес, табиғат — Абайдың поэтикалық тұтас санасына айналмаған өріс. Көп елдің көп ақындары үшін, табиғат – сырлас, мұндас, мейірімді туыс, немесе, жат, жау, суық әлем. Яки, ғаламның бар сырын ішіне бүккен тылсым даналық, немесе, сенің бар-жоғыңа, қайғы-қуанышыңа ортақсыз бөтен, ойсыз, сезімсіз, мылқау стихия... Немесе, табиғат пен адам — тұтас бір болмыс, сондықтан табиғат дегеніміз – қуаныш, жұбаныш, гармония. Құдай... Бұл – есейген, өркениеттенген сананың Ана туралы естелігі, саналы сағынышы. Әлем поэзиясындағы медитативтік, философиялық жүлгелердің біразы табиғат тіршілігі туралы осындай пайым, танымдардан бастау алады. Абайда жеке картина, көркемдік құрал-тәсіл ретіндегі (пейзаж, психологиялық параллелизм т. б.) табиғат бар. Бірақ, табиғат тынысы туралы оқшау ой, немесе Абайдың поэтикалық әлемін сипаттайтын тұтас бір көркемдік принципке, суреткерлік санаға айналған табиғат жоқ. Дегенмен, Абай табиғат лирикасы арқылы қазақ өлеңінің назарына және бір жаңа көкжиек ашты, жаңа көркемдік тәсілдер енгізді. Ең бастысы — сол көркемдік объектіні игеру, түйсіну, өрнектеу, бейнелеу үстінде және бір сала жаңа поэтикалық, тіл жасақтады. Бұл – қазақтың көркемдік санасындағы ұлы төңкерістердің бірі болды.
Тұрсынжан Шапай,
жазушы, әдебиет сыншысы