04 сәу, 2021 сағат 10:00

Тұрсынбай Құлахмет қарсыласын 70 секундта нокаутқа жіберді

Дубайдағы Caesars Palace Dubai аренасында кәсіпқой бокс кеші өтті. Онда қазақстандық боксшы Тұрсынбай Құлахмет (2-0, 1 КО) WBC International чемпионының белбеуін сәтті қорғады, деп хабарлайды Sports.kz cайты.

Ол венесуэлалық Эбер Рондонмен (20-0, 13 КО) титулды жекпе-жек өткізді. 

Айқас 10 раундқа созылады деп күтілген болатын. Нәтижесінде бірінші раундта Тұрсынбай Құлахмет қарсыласын нокаутқа жіберді. 

Оның алдында ғана Эбер Рондон бір мәрте нокдаун алған еді. Қазақстандық боксшының жеңіске жетуіне небәрі 70 секунд керек болды. 

Осылайша Тұрсынбай Құлахмет кәсіпқой бокс карьерасындағы екінші жеңісіне қол жеткізді. Ал Рондон үшін бұл - спорт жолындағы аң алғашқы жеңіліс. 

Айта кетейік, мұның алдында Тұрсынбай Құлахмет өткен жылдың қарашасында британдық боксшы Маколей Макгоуэнді (14-2-1, 3 КО) жеңіп, WBC белбеуін иеленген болатын.