06 қар, 2019 сағат 09:57

Түрмелерде қызмет ететін имамдарға жалақы тағайындау ұсынылды

Нұр-Сұлтан қаласында Қазақстан Дінтанушыларының ХІ форумы өтіп жатыр. Форумда сөз алған Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Ораз имамдардың тынымсыз қызметін ескеріп, оларға әлеуметтік тұрғыдан қолдау көрсету туралы ұсыныс айтты, – деп хабарлайды «Ұлт ақпарат».

«Осы ретте бірнеше ұсынысты ортаға салайын: біріншіден, «Тарих және діни сана» жобасын бірлесіп, жүзеге асыруды ұсынамын. Тарихи нысандар мен орындарға жасалатын жоспарлы сапар жамағаттың танымын, көкжиегін кеңейтіп, интеллектуалдық деңгейін арттырады. Бұл ретте сыртқы елдердің де тәжірибесін де алуға болады. Екіншіден, қоғамның ағартушы тобына жататын имамдардың тынымсыз қызметін ескеріп, оларға да әлеуметтік тұрғыдан қолдау жасалса деген ұсынысымыз бар. Әсіресе, 100-ге жуық еліміздегі түзеу мекемелерінде жұмыс жасайтын дін қызметкерлеріне тұрақты жалақы тағайындалса дейміз. Бұл дін қызметкеріне көрсетілген құрмет пен әділ баға болар еді» деді Бас мүфти.

Бас мүфти сонымен қатар, Ақсақалдар институтының рөлін күшейту мәселесін көтерді.

«Өйткені, біз қарияның сөзіне қарсы шықпаған халықпыз. Бұл санаға сіңген салтымыз. «Қой» дейтін қожа бола білген қаншама қарияларымыз жат ағымға кеткен жастарға насихатын айтып, тәрбиесін түзеп келеді. Осы бағытта облыстық мешіт жанындағы Ақсақалдар алқасы мен аудан, ауылдардағы Билер кеңесі үлкен құрал бола алады деп ойлаймын» деді ол.