ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Үкіметі мен Түркия Үкіметі арасындағы әскери ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы мақұлданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Келісімге 2018 жылғы қыркүйекте Анкарада қол қойылды.
«Түркия Қазақстанның маңызды әрі негізгі стратегиялық серіктестерінің бірі болып саналады. Осы уақытқа дейін екі мемлекет арасындағы әскери саладағы ынтымақтастық 1993 жылғы 8 тамыздағы әскери білім саласындағы, сондай-ақ 1994 жылғы 23 ақпандағы әскери ғылым, техника және білім саласындағы ынтымақтастық туралы келісімдер негізінде жүзеге асырылып келеді. Жоғарыда аталған халықаралық шарттардың кейбір ережелері екі мемлекеттің қолданыстағы заңнамасына сәйкес келмеуі және оларда іс-шараларды өткізу бойынша қаржылық шығыстармен қамтамасыз ету тәртібінің болмауына байланысты әскери ынтымақтастық саласында жаңа келісім жасау туралы шешім қабылданған болатын», - деді ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары Тимур Дәндібаев.
Оның сөзіне қарағанда, қарастырылып отырған келісімнің мақсаты тараптар арасындағы тең құқықтық пен өзара тиімділік қағидаттар негізінде әскери ынтымақтастықты дамытуға негізделген.
«Келісім әскери даярлық пен оқытуды қоса алғанда, бұдан бұрын қамтылмаған бірлескен оқу-жаттығуларды өткізу, әуе кеңістігі арқылы әскери мүліктің транзиті, медициналық көмек көрсету, заң құзыреттілігі, сондай- ақ басқа да мәселелерді көздейді. Осы құжатты іске асыру бойынша шаралар тараптармен бірлесіп әзірлеген Жылдық ынтымақтастық жоспарына сәйкес жүзеге асырылатын болады. Келісімді іске асыру Қазақстанның әскери саладағы мүмкіндіктерін кеңейтуді қамтамасыз етеді және екі мемлекет арасындағы әскери ынтымақтастықтың дамуына оң әсер ететін болады», - деді Т. Дәндібаев.