25 қаз, 2017 сағат 19:55

Түркия судьялары киелі Түркістанды аралады

Елімізге арнайы сапармен келген Түркия Республикасы Жоғарғы сотының төрағасы Исмаил Рюштю Джирит бастаған делегация өкілдері Отырар ауданы мен Түркістанды аралады, деп хабарлайды Ұлт.кз тілшісі ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.

Қазақтың рухани астанасы әрі қасиетті өлкесіне табан тіреген Түркия Жоғары кассациялық сотының Бас республикалық прокуроры Мехмет Акарджа  мен Түркияның Әділет министрінің орынбасары Шабан Йылмаз, сондай-ақ бірқатар судьялар мен прокуратура және әділет органдарының өкілдері Арыстанбаб кесенесіне зиярат жасап, тарихи тұлғалар рухына тағзым етті. 

Əбу Насыр əл - Фараби, Бейбарыс Сұлтан бабалардың топырағы қойылған құлпытас белгісінің басына құран бағыштады. Түрік делегаттары көнермес мұра болып қатталған тұлғалардың  өмір тарихы, деректері жөнінде мағлұмат алды.

Арыстан баба əруағына құран бағыштауға асыға жеткен ресми қонақтарды Отырар ауданының əкімі Ерлан Айтаханов құшақ жая қарсы алып, қойнауы тарихқа тұнған ордалы Отырардың меймандостығы мен берекелі, мерекелі қасиетін көрсетті. Аудан тарихынан сыр шертетін құнды жәдігерлермен жасақталған шежірелі көрмені таныстырған аудан басшысы өлкенің өркениетті бейнесін танытатын қолөнер бұйымдарын қонақтарға естеліктер ретінде сыйға тартты.

Өлкенің өлшеусіз қадір-қасиеті мен тағылымды тарихын көзбен көре жүріп қаныққан бауырлас ел делегаттары алғыстарын білдірсе,  Исмаил Джирит мырзаның да екі туысқан мемлекеттің тарихы, мәдениеті мен ұлттық тамырының ортақтығы, бауырластықтың шынайы қонақжайлылықпен дəріптелуі аса қатты тебіреніс сыйлағанын жасырмады.

Одан кейін Түркияның судьялары мен прокурорларынан құралған делегация «Әзірет Сұлтан» музейіне келді. Шетелдік қонақтар «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейіне келіп, Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне зиярат жасады. Бауырлас түркі елдерінің рухани мекенінде  бабалар рухына тағзым жасап, қорық-музейдің тыныс-тіршілігі жəне  жəдігерлермен танысып, түрік тілінде мол мағлұмат алған делегация мүшелері киелі өлке құшағында жинақталған əрбір тарихи дүние болашақ түркі елі ұрпақтарының да мақтанышы екендігін жеткізді.