Түркия Сирияның шекараға жақын орналасқан маңызды Жараблус қаласын "Ислам мемлекеті" (ИМ) экстремистік ұйымының содырларынан тазартатын әскери операциясын бастады. Түркиялық ақпарат құралдарының хабарлауынша, 24 тамыз күні таңертең басталған операцияда шекара түбінен Жараблус қаласы артиллериядан атқыланып, соңыра түркиялық әскери ұшақтар қаладағы ИМ шептерін бомбалаған.
"Түркия қарулы күштері мен халықаралық коалицияның әуе күштері Алеппо провинциясындағы Жараблус қаласын ДАИШ (ИМ-нің арабша атауы) ұйымынан босату операциясын бастады" делінген Түркия премьер-министрінің кеңсесі таратқан ақпаратта.
Операцияға Түркия қарулы күштері мен Түркия қолдайтын оппозициялық топтардың қайсысы қатысып жатқаны әзірге белгісіз.
Кеше Түркия сыртқы істер министрі Мевлют Чавушоглу Түркияның Сириямен шекаралас аймақтары ИМ-нен "толықтай тазалануы тиіс" деп мәлімдеген.
20 тамызда Түркияның оңтүстік-шығысындағы Газиантеп қаласында үйлену кешінде жарылыс болып, 53 адам қаза тауып, 90-нан астам адам жараланған. Анкара шабуылға ИМ содырларын айыптаған.