07 жел, 2016 сағат 09:03

Түркия долларсыздандыру саясатын қолға алды

Түркияда долларсыздандыру саясаты аясында бұдан былай елдегі барлық тендер тек түрік лирасымен ғана жүргізіледі, деп хабарлайды Haberler басылымы Түркия жекешелендіру мәселелері бойынша әкімшілігіне сілтеме жасап.

Тек енді қолға алынатын тендерлер емес, сонымен қатар қазір келісімшарты дайындалып жатқан тендерлік сауда да тек ұлттық валютамен есептесетін болады.

Стамбул биржасы 2 желтоқсан күні барлық операцияны лирамен жүргізіп, жиналатын қорды да тек ұлттық валютамен сақтау туралы шешім қабылдаған еді.

Президент Ердоған бұдан сәл ертерек ел азаматтарын тек түрік лирасымен ғана жұмыс істеп, артық ақшаны да өз валюталарында сақтауға шақырған.

Сонымен қатар Түркияның сауда палатасы да аталған бастамаға қосылды. Ведомства басшысы Ибрагим Чағлардың айтуынша, ел аумағында сауда палатасы тек түрік лирасын қолданбақ.

Естеріңізге сала кетейік, бірер күн бұрын Ердоған Түркияның Ресеймен, Қытаймен және Иранмен арадағы саудасында тек осы мемлекеттердің валютасы қолданылатынын мәлімдеген еді.