23 қаз, 2019 сағат 15:34

Түркия 150 сағаттың ішінде YPG лаңкестерінің шығарылуын қамтамасыз етеді – Ердоған

Түркия мен Ресей президенттері Сочиде Сириядағы жағдайда талқылады. «Мақсатымыз – Сириядағы ұзақмерзімді тұрақтылыққа қол жеткізу», - деп мәлім етті Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған ресейлік әріптесі Владимир Путинмен Бачаров ручей резиденциясында өткізген алты сағаттық келіссөздердің нәтижесі бойынша. Бұл жөнінде Түркияның «Анадолу» агенттігі хабарлады.

Р.Ердоған соңғы 8,5 жылда Түркия сириялық 3 млн 650 мың босқынға пана болғанын және олардың 350 мыңы – этникалық күрдтер екенін еске түсірді. Сондай-ақ, ол Түркия мен Ресей Сирияда бірігіп әрекет етіп, сириялық босқындардың өз отандарына қайтуын жеңілдететін жобаларды жүзеге асыратынын мәлім етті.

Түркия басшысы 23 қазан күні түс уақытынан бастап YPG лаңкестерін қаруларымен бірге түрік шекарасынан 30 шақырым жерге ығыстыру қамтамасыз етілетінін атап өтті. Бұл жұмыстар 150 сағаттың ішінде іске асырылмақ.

ТАСС агенттігінің мәліметінше, Ресей Түркия мен Сирия арасындағы шекара режімі бойынша Адана келісімін жүзеге асыруға қол ұшын созатын болады. «Қос тарап Адана келісімінің маңызын растайды. Ресей Федерациясы Адана келісімінің заманауи түрде жүзеге асырылуына жәрдемдеседі», - делінген құжатта.

Путин мен Ердоғанның Сочидегі келіссөздері алты сағаттан астам уақытқа жалғасты.