Бүгін Түркістан қаласында жаңа фильмнің тұсауы кесілді. TURKISTAN телеарнасы өткен жылы алғашқы кинотуындысын түсірген болатын. Комедиялық мелодрама жанрындағы «Кәріс келін» фильмі өмірдегі шынайы оқиғаға негізделген, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Фильмде Сәкен есімді түлкібастық жігіт пен оңтүстіккореялық Суджин Ли есімді қыздың арасындағы сырлы сезімге толы хикая баяндалады.
Кореяда 5 жыл жұмыс істеген Сәкен 2023 жылы Суджин Лиді қарашаңырағына келін етіп түсірген.
Бүгінде жас отбасы тату-тәтті өмір сүріп жатыр.
Кинода Суджин Лидің Қазақстанға келген алғашқы күндерде бастан кешкен оқиғалары суреттеледі.
Сондай-ақ, тырнақалды туындыда екі жастың махаббаты арқылы отбасы құндылықтары, қазақы дәстүрлер кеңінен насихатталады.
Сонымен қатар, жаңарған Түркістан қаласы мен Түркістан облысының табиғаты көрерменге жан жақты көрсетіледі.
Фильм сценарийін телеарна қызметкерлері бірлесе жазып шыққан. Бұл туынды алғашқыда телесериал ретінде түсірілген.
Дегенмен көрермен тарапынан сұраныс болғандықтан толық форматты фильм өңделіп, кинотеатрдан да көрсету жоспарланып отыр.
Басты рөлдерді Шымкент қаласы мен Түркістан облысының кәсіби актерлері сомдайды.
Фильм Түркістан қаласы мен Төлеби ауданында бар болғаны 9 күнде түсірілген.