27 жел, 2021 сағат 21:51

Түркістандағы бас шыршаның шамы жағылды


Түркістан қаласындағы әкімшілік-іскерлік орталығында орналасқан бас шыршаның шамы жағылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат. 18 метрлік шырша 500-дей ойыншықпен және жарықшаммен көркемделіп, ұлттық нақыштағы ою-өрнектермен безендірілген.

Балаларға шаттық сыйлаған мерекелік іс-шарада Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев бас шыршаның шамын жағып, бүлдіршіндердің қуанышымен бөлісті.

Ертегі кейіпкерлері мен аяз ата қаршақызбен бірге балақайларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, бірге биледі. Талантты әнші Айзада Әлімбек «Жаңа жыл» әнін шырқап, балалардың ән тобы да өнер көрсетіп, мерекені әсем әнмен өрнектеді. Кеш көпшілікті балалық шаққа жетелеп, әдемі әсер сыйлады. Балақайларға сыйлықтар таратылды.

Шырша демеушілер есебінен орнатылған. Сондай-ақ Түркістандағы мәдени-рухани орталық пен «Жеңіс» саябағында да шырша орнатылып, олар көз тартатын әсем ойыншықтармен безендірілді.