04 қар, 2017 сағат 13:17

Түркістанда жастар латын әліпбиіне көшу жайын сөз етті

Түркістандағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің студенттері филология ғылымдарының докторы, профессор Әлімхан Жүсіпбекпен кездесіп, латын әліпбиіне көшу төңірегінде әңгіме қозғады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат". 

Елбасы Н. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында ұйымдастырылған кездесуде жастар Ахмет Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкеріне  қазақ елінің латын әліпбиіне көшу бастамасы бойынша түрлі сауалдарын қойды. Мақалада екшелген латын қарпіне көшу туралы идеяны түркістандық студенттер қолдайтындарын айтып, ресми түрде бекітілген жаңа алфавит көптің көңілінен шыққанын атап өтті.

«Латын әліпбиінің қабылдануы - істің бастауы ғана. Оны түбегейлі жүзеге асырып, қолданысқа енгізу жолында қыруар шаруа атқарылады. Сондықтан да жаңа бағытта, жаңа көзқараспен өмір сүріп, қоғамға латын әліпбиінің өміршеңдігін ұқтыру - жас мамандардың қолында», - деді профессор Әлімхан Жүсіпбек .

Оның сөзінше, әліпби - тілдің дыбыс құрамы, таңба - дыбыстың қауызы. Ал, емле мен ереже әліпби мен таңбаның ұлттық дәнекері. Олай болса, әліпби таңбасы мен ережесі үйлескен жазу тіл дербестігінің кепілі болмақ. Жиында бас қосқандар осындай пайым жасады.

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың 2017 жылы 12 сәуірде «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында: «Біріншіден, қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыстарын бастауымыз керек. Біз бұл мәселеге неғұрлым дәйектілік қажеттігін терең түсініп, байыппен қарап келеміз және оған кірісуге Тәуелсіздік алғаннан бері мұқият дайындалдық» деп айтқан еді.