07 қар, 2017 сағат 07:41

Түркістанда «Рәміздер алаңы» аллеясы ашылды

Еліміздегі биіктігі жағынан үшінші алып Ту Түркістанда бой көтерді. «Рәміздер алаңы» деп аталатын әрбір жанның рухын оятатын аллея қасиетті қалаға Шымкент бағытынан кіре берістегі Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дің қарсы алдына орналасты, деп хабарлайды Ұлт.кз тілшісі.

Мұнда Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Рәміздері көрініс тапқан және елдік мұратты меңзеген қанатты сөздер жазылған арнайы тас тақталар сап түзеген. «Рәміздер алаңында» көк аспанды тіліп ұшқан қыранның, жер мен көктің арасында қалықтаған тұлпардың, сондай-ақ Әнұранның биік тұғыры орнаған. Көпшіліктің демалыс аймағы ретінде салынған орында адамдар үшін арнайы орындықтары, су сылдырымен әсем әуен шырқалатын субұрқақ бар.

Бұған дейін шаһар басшысы Ә.Өсербаев қала зиялыларын осы нысанның құрылысымен таныстыру барысында: «Рәміздерге деген құрмет Отанға деген шынайы сүйіспеншіліктің белгісі болып табылады. Сондықтан еліміздің оның ішінде Түркістан қаласы тұрғындарының патриоттық рухын арттыру, туған жерге және оның Рәміздеріне деген құрметін, мақтанышын оятайық деген мақсатпен осы «Рәміздер алаңы» аллеясын салып отырмыз», - деген болатын. Сол «Рәміздер алаңы» аллеясының құрылысы бүгінде өз мәресіне таяды.    

Тәуелсіз мемлекетіміздің жаршысы Қазақстан Республикасының Туы ілінген тұғырдың биіктігі 62,5 метрді құрайды. Ал Тудың ені 12 метр болса, ұзындығы - 24 метр. Мамандардың айтуынша биіктігі жағынан еліміздегі үшінші Ту ретінде саналып отыр. Нысанның құрылысына қала бюджетінен 226,3 млн. теңге қаржы қаралған.

Тәуелсіздік пен мемлекет символына айналған рәміздер алаңының киелі шаһарда бой тіктеуі - рухани жаңғырудың алғашқы қадамдары деуге болады. Жаңа нысанда көпшіліктің демалысы үшін бар жағдай жасалған.

«Қасиетті Түркістан шаһарымыздың бас қақпасының кіреберісіндегі «Рәміздер алаңы» аллеясының ашылуы халыққа үлкен қуаныш сыйлап отыр. Неге десеңіз бұрын бұл жерлер шаңы шығып, бос жататын. Қазір жергілікті биліктің қолға алуымен, «Түркістан - түркі әлемінің мәдени астанасы» жылы аясында бұл үлкен бір игілікті істің бастауы болды»,- дейді қала тұрғыны Әбдірахман Қыдырбек.