Түркістан облысында 78 мектептің құрылысы жүріп жатыр. Бұл туралы өңір әкімі Өмірзақ Шөкеев айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Облыста 945 мектепте 509 мың 700 бала оқиды. Биыл облыста 78 мектеп құрылысы жүргізілуде. Nur Otan партиясының бағдарламасына сәйкес, биыл елімізде 200-дей мектеп салынса, біздің облыста соның 47-сі пайдалануға беріледі. Және 2025 жылға қарай 130 жаңа мектеп салу жоспарланған», - деді Ө. Шөкеев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Бағдарлама аясында жыл сайын 108 мектеп жаңғыртудан өтетін болады. Жаңа үлгідегі 4 Binom мектебі Түркістан облысының аудандарында салынады.
«Жақын күндері Түркістан қаласында 720 орындық Назарбаев зияткерлік мектебінің құрылысы аяқталады. 700 оқушыға арналған 500 орындық жатақханасы бар «Дарын» мектеп-интернатының құрылысы жүргізілуде. Оқушылардың қауіпсіздігін сақтау үшін 906 мемлекеттік мектеп толығымен бейнебақылау жүйесімен қамтамасыз етілген. Оның барлығы полицияның жедел басқару орталығына интеграцияланды», - деді Шөкеев.