Фото: okg.kz
Облыс әкімдігінде Шардара ауданының 2030 жылға дейінгі даму жоспары талқыланды. Өңір басшысы Дархан Сатыбалды Шардара ауданының географиялық ерекшеліктерін, су қоймасын, суармалы алқаптарын тиімді пайдалану керектігін айтты.
– Шардара ауданында суармалы жер көлемі мол. Егін шаруашылығын дамыту, егістікті әртараптандыру бойынша мүмкіндік өте жоғары. Соны дұрыс пайдаланған жөн. Инвестиция тарту жұмыстарын күшейту қажет. Біз бұл даму жоспарын не үшін әзірлеп отырмыз? Нақты индикатор қойып, әр жылға бөліп, бекітіп алмасақ, жұмыс жүйелі болмайды. Идея табылса, қаржы тапшы, қаржы табылса, жобалар болмай қалмауы үшін 6 жылға жоспар жасадық. Осыны жүзеге асыру үшін барлық басқарма өздері жауапты салалары бойынша жұмыс істейді, инфрақұрылым тарту және тағы басқа мәселелерді шешеді. Сонда ғана жобалар іске асып, аймақтың экономикасы көтеріледі, – деген Дархан Амангелдіұлы жауапты тұлғаларға тиісті тапсырмалар жүктеді.
Шардара ауданының әкімі Арман Қарсыбаевтың айтуынша, ауданды дамытуда 4 бағыт таңдалған. Олар: туризм, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп және балық шаруашылығы. 2024-2030 жылдар аралығында ауданда 154 инвестициялық жоба жүзеге асып, 4 мыңға жуық жұмыс орны құрылады. Жобалардың жалпы құны 210 млрд. теңгеден асады. Өнеркәсіп және сауда саласында 49 жоба, туризм – 16, балық шаруашылығы – 75 және ауыл шаруашылығы саласында 14 жоба жоспарланған. Нәтижесінде 2030 жылға дейін ауданға тартылған инвестиция көлемі 3,2 есе өседі. Өнеркәсіп саласында 27 жоба жүзеге асып, зауыттар мен өндіріс орындары көбейеді. 2300-ге жуық адам жұмыспен қамтылмақ. Осылайша, өнеркәсіп өнімін 100 млрд. теңгеге жақындатып, 4 есе өсіру көзделіп отыр. Ауданда егістікті әртараптандыру, көкөністі, дәнді дақылдарды терең өңдеу салалары бойынша да жұмыстар атқарылады.
Мәжілісте кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы және өзге де басқарма басшыларының ұсыныс-пікірлері тыңдалып, жоспарға енгізілді.