Фото: okg.kz
Облыс әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасы бойынша, өңірдегі ауылдардың экономикасын өркендетіп, тұрғындар үшiн қолайлы өмір сүру орта қалыптастыру бағытында «Үлгілі ауыл» байқауы қолға алынған болатын. Жақында осы байқаудың жеңімпазы анықталды.
Салалық басқармалар басшылығы, облыстық мәслихат, қоғамдық бірлестіктердің өкілдері қатысқан комиссия отырысында Қазығұрт ауданының Шарбұлақ ауылы бас жүлдені жеңіп алды. Жүлделі І орын Шардара ауданы, Көксу ауылына бұйырса, ІІ орын Сарыағаш ауданы, Мәдениет ауылына, ІІІ орын Созақ ауданы, Жартытөбе ауылына бұйырды. Байқау ережесіне сәйкес, бас жүлде иегеріне, яғни Қазығұрт ауданындағы Шарбұлақ ауылы үшін қажетті әлеуметтік нысан анықталып, 2025 жылға аталған нысанның құрылысы үшін облыстық бюджеттен тисті қаражат бөлінеді деп жоспарланған.
Естеріңізде болса, ережеге сәйкес байқау екі кезеңде өткізілді. Бірінші кезеңі – сәуір мен тамыз аралығында аудан көлемінде ұйымдастырылса, ал, екінші кезең – облыстық деңгейде қыркүйек пен қараша аралығында жалғасын тапты. Байқаудың аудандық кезеңіне 16 аудан, қаладан жалпы 75 ауыл қатысқан. Нәтижесінде, облыстық кезеңге 16 ауыл (әр аудан, қаладан – 1-еуден) жолдама алып, бақ сынады.
Айта кетейік, арнайы құрылған жұмыс тобы барлық ауданды аралап, жеңімпаз ауылды анықтады.