Түркістан облысының Төлеби ауданына қарасты «Сайрам-Өгем» шатқалында тағы бір адамның мәйіті табылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
22 маусым сағат 11.50 кезінде Шымкент қаласы ТЖД жедел-құтқару жасағының құтқарушылары мәйітті Айғыржыққан және Өгем өзендерінің тоғысқан жерінен екі шақырым жоғарыда су түбінен тапқан. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрлігінің ресми өкілі Талғат Уәли мәлімдеді.
Мүрдені тасымалдау үшін «Қазавиақұтқару» АҚ тікұшағы оқиға орнына бара жатыр.
Табылған мәйіт сараптама жасалу үшін полиция қызметкерлеріне табысталады.

Іздестіру жұмыстары 8 бағыт бойынша жүргізілді. Оған - 107 адам, 17 техника, 3 квадрокоптер, 4 кинологиялық есеп пен 1 тікұшақ жұмылдырылды.
Еске салсақ, 21 мамыр күні Түркістан облысының «Сары айғыр» шатқалына жаяу бет алған 7 турист жоғалып кетті. 24 мамырда олар кері қайтуы керек болатын.
25 мамырда жастардың жоғалғаны туралы «112» пультіне хабар берілген.
28 мамырда 7 адамның 3-еуі табылып, құтқарылды. Ал 29 мамыр күні екі туристің денесі табылды.
ТЖМ ресми өкілі Талғат Уәли қалған екі адамды іздеу жұмысы жалғасып жатқанын мәлім еткен болатын. 12 маусым күні Мақпалсай шатқалынан алтыншы туристің денесі табылды.
Іздестіру жұмыстары 27 тәулік бойы жалғасты.
ТЖМ барша азаматтарға таулы жерлерде қауіпсіздік шараларын қатаң сақтап, дайындықсыз тауға шықпауға шақырады.





