17 қар, 2021 сағат 22:04

Түркістан облысындағы боран: 15 елді мекенге электр энергиясы берілді


Түркістан облысында ауа райының күрт құбылуынан 44 елді мекенде электр желілері үзіліп, жарық сөніп қалған болатын. Қазіргі кезде 15 елді мекенге электр энергиясы берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС үзілген желілерді жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Жалпы 12 бригадада 52 жұмысшы және 13 техника жұмылдырылған.

Осы уақыттағы жағдай бойынша 44 елді мекеннің 29-ында жарық әлі де жоқ. Олар: Бәйдібек ауданындағы – 1647, Созақ ауданындағы – 935, Сайрам ауданындағы – 7000, Төлеби ауданындағы – 4878, Түркістан қаласындағы – 300 абонент. 

Айта кетейік, сағат 18:10 бастап ауа райының жақсаруына байланысты «Жамбыл облысының шекарасы-Құмкент-Шолаққорған-Ащысай КХ-190» облыстық автожолында көліктің барлық түрлері үшін қозғалыс ашылды.

Еске сала кетейік, бұған дейін Түркістан облысында қатты боран салдарынан Түркістан қаласы мен 8 ауданда электр желілері үзіліп, 44 елді мекен тұрғындары жарықсыз қалған еді. 

Сондай-ақ Түркістан облысында «Қорғас-Алматы-Тараз-Шымкент-Ташкент» республикалық маңызы бар жол көліктің барлық түрі үшін жабылды.

Бұдан бөлек, іргелес орналасқан Шымкент қаласында 23 бағыт бойынша электр энергиясын беру тоқтатылды. Мектептер онлайн оқуға ауыстырылды.